ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов өзінен сұхбат алуға келген тілші Өркен Жоямергенді балағаттады. Бұл туралы журналист Назия Жоямергенқызы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Аманжан Жамалов деген депутат журналисті: "көргенсіз", "тәрбиесіз" деп балағаттапты. Кабинетіме есік қағып кірмедің деп ренжіп отыр. Үлкен кісі ғой деп қазақылыққа салып, қоя салуға болар еді егер бұл кісі көшедегі жай біреу болса. Бірақ Жамалов - жұрт сайлаған депутат. Мәжіліске келген журналистердің ерігіп жүрмейтіні анық», - деген ол депутатты сотқа беру керек екенін айтты.
Сондай-ақ ол қазақстандық журналистердің де тілшіні қолдайтынын жеткізді.
«Басқа әріптестер де наразылықтарын білдіріп жатыр.
Журналист - билік пен халықтың арасындағы көпір. БАҚ өкілдері мәселе көтергенде қара басының емес, халықтың, қоғамның, қалың бұқараның көкейіндегі түйткілді айтады. Журналисті қорлауға, балағаттауға, оның ар-намысына тиюге ешкімнің қақы жоқ! Журналист емес, Жамаловтың кабинетіне абайсызда адасып кіріп кеткен кез келген азаматқа "неге есікті қағып кірмейсің?! Тәрбиесіз! Көргенсіз!", - деп аузына келгенін айтуға ешкімнің қақы жоқ! Депутат Жамалов осы қарапайым нәрсені білмей ме?», - деп жазды Жоямергенқызы.