$ 498.34  519.72  4.85

«Ту да, атау да жоқ»: «Nur Otan» ғимаратына неге мән бермейді?

Әдетте, Елбасының сарабдал саясатын қолдап, Бас партияның жүктеген міндеттерін орындауда Амандық Баталов бастаған Алматы облысының шенділері алдына жан салмайтын.

Ақпан айында өткен «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде Нұрсұлтан Назарбаев басшылық ететін саяси ұйымның логотипі өзгерген болатын. Алайда, орталық қабылдаған өзгерістер шалғайда жатқан аймақтарға жетпеген ұқсайды. Мәселен, бас партияның атауын латын қаріпіне ауыстыру туралы тапсырманы ұйымның Алматы облыстық филиалындағылар енді ғана жүзеге асыра бастады.

Әдетте, Елбасының сарабдал саясатын қолдап, Бас партияның жүктеген міндеттерін орындауда Амандық Баталов бастаған Алматы облысының шенділері алдына жан салмайтын. Тіпті, облыстың әлеуметтік-экономикалық мәселелері талқылануы тиіс кез келген басқосу, әр жиында тұңғыш президенттің  еңбегіне мадақ айтып, әкім Амандық Ғаббасұлына алғыс айтатын үрдіс пайда болған. Бұл жолы жетісулық атқамінерлер жүрісінен жаңылғандай. Партияның орталық аппараты осыдан 7 ай бұрын "Нұр Отанның" атауын латын қаріпімен жазу туралы шешім қабылдаған еді. Басқаларын қайдам, Алматы облысы бұл тапсырманы бірінші боп орындайды деп күткенбіз.

«Nur Otan» партиясының Панфилов аудандық филиалы, тіптен, тапсырманы орындауда алдына жан салмаған сияқты. Қазір мұнда басты саяси ұйымның ту да, партияның атауы да жоқ. Қандай ғимарат екенін осында жұмыс істейтін қызметкерлерден басқа ешкім білмейді. Жергілікті халықтың айтуынша, ғимараттың дәл осылай тұрғанына 3 айдай болған. Бірақ, аудандық партия төрағасының орынбасары мұны жоққа шығарды.

«Логотиптің ауысуына байланысты жазу мен ту алынып тасталды. Бірақ, халық айтқандай 3 ай емес, 10 күндей болды. Ғимарат 2013 жылы салынған, жаңа. Мұнда аудандық ардагерлер кеңесі, жастар ресурстық ортылығы және  «Nur Otan» партиясының мүшелері, барлығы 11 адам отырады"-дейді, «Nur Otan» партиясының Панфилов аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қанат Досмайлов.

Алып ғимаратта партия төрағасының орынбасары айтқандай 11-ақ адам отырады. Бірақ, мекеменің коммуналдық шығыны қандай екенін мұндағылар білмейді екен. Партия ғимараты қашан жаңа атауға ие болатынын облыстық филиал басшысының бірінші орынбасарынан да сұрап көрген едік. Шенеуніктің сөзінше, жаңа атауды жазу туралы тапсырысты мердігерлерге тек орталық аппарат береді. Сондықтан, бұған филиалдардың қатысы жоқ. Бірақ, орын алған келеңсіздіктерді 2-3 күнде қалпына келтіреміз деп отыр.

«Үлгермей жатырмыз. Тапсырысты қабылдаған компания бүгін-ертең  дайындап береміз деген. Мен соларға сеніп қалдым. Сондықтан, 6-қыркүйекте филалдарға жазуды алыңдар деп тапсырма берген едім. Дайындап жатқан компания республика бойынша тапсырыс қабылдаған екен. Сол себепті үлгермей жатқан көрінеді. Мен жазуларды ерте шешкізіп қойдым. Бұл менің қателігім болды. Тезірек болса деген оймен жасап едім. Алып келгенде бір-ақ ауыстырыңдар деп айтуым керек еді. Күн жылыда ертерек бітірейік деген әңгіме ғой менікі», - дейді «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев.

Дереккөз: "Жас Алаш" басылымы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары