21.09.2019, 04:32

«Астана LRT» компаниясының ақшасын жымқырғандар анықталып жатыр

Фото: Almaty.tv
Тергеушінің айтуынша, негізгі күдіктілер - "Астана LRT" ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан және оның орынбасары.

Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров ОКҚ өткен брифингте "Астана LRT" компаниясының қаржысын жымқыру туралы қылмыстық істің жаңа детальдарын атады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Оның сөзінше, қылмыстық іс аясында жедел-іздеу шаралары жұргізіліп, тиісті сараптама тағайындалған.

"Өндірісте "Астана LRT" ісі ерекше бақылауға алынған. Іске қанша адамның қатысы барын айта алмаймын. Қатыстылар анықталуда. Шешім тергеу аяқталған соң қабылданады", - деді Биғайдаров.

Тергеушінің айтуынша, негізгі күдіктілер - "Астана LRT" ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан және оның орынбасары.

"Мен олардың тегін айта алмаймын. Сараптама нәтижесін күтіп отырмыз. Ұрланған ақшаның сомасы анықталуда", - деп түйіндеді спикер.

Естеріңізге салсақ, Ардан төраға қызметін 2017 жылдың шілдесінде босатып, тергеу басталмай тұрып Қазақстаннан шығып кеткен.

Ақша ұрлау дерегі шыққан соң, Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы агенттіктің тергеушілері қылмыстық іс қозғаған. Оған халықаралық іздеу жарияланды.

Тегтер: Astana LRT