$ 494.87  520.65  4.91

«Кәсіп те жоқ, табыс та жоқ»: журналист Дана Нұржігіттің несиеге қатысты мәлімдемесін құптады

Жоғарыдан қаржы бөлінгенде, жергілікті әкімдіктер «алыңдар да, алыңдар» дейді. Бірақ, тұрғындар бұл несиені алған соң оны қалай пайдаланған тиімді екенін білмейді.

Халықтың несие алуға келгенде сауатсыздық танытып жатқаны көзге анық көрініп тұрған мәселе. Соның кесірінен адамдар қарызға белшесінен батып, несиені жабу үшін несие алып жүргендері қаншама.

Осыған байланысты жақында депутат Дана Нұржігіт халықтың қаржылық сауаттылығына шүйліккен болатын. Депутат адамдардың бизнес үшін алған қаржыларын жеке басына жаратып жіберетінін сөзге тиек етті. 

Осы тұрғыда журналист Қамбар Ахмет Facebook-парақшасында Дана Нұржігіттің несиеге қатысты пікірін құптады, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.

«Дана Нұржігітті жерден алып, жерге салып жатырмыз. Бірақ, оның айтқаны шындық қой. Оған қарсы сөздер жалған намыс, әрі «көпке жағамын» деген пиғыл дер едім.

Ауылды бір адамдай білеміз. Мал бағу, өсіру, кредит деген мәселелерді естіп қана қойған жоқпыз, көзімізбен көрген адамбыз. Ортасында жүргенбіз.

Иә, несиені алып, шаруасын шалқытып жатқандар бар. Бірақ, олар қадау-қадау. Мал ал, оны көбейт деп берген ақшаға көлік алғандар, қыздың жасауына, ұлдың оқуына жұмсап жібергендер жетеді. Тіпті, оған да жаратпай, шашуға шашып жіберіп, әлі күнге қарызын қайтара алмай жүргендер де көп. Бұл ауыл халқының жағдайын одан сайын қиындата түсетін мәселе.

Соның барлығы, Дана айтып отырғандай, халыққа дұрыс ақпарат жетпеуінен, кәсіптің қыр-сыры түсіндірілмеуінен.

Жоғарыдан қаржы бөлінгенде, жергілікті әкімдіктер «алыңдар да, алыңдар» дейді. Бірақ, тұрғындар бұл несиені алған соң оны қалай пайдаланған тиімді екенін білмейді. Алған соң не істерін білмей, ақшасын жұмсап қояды да, сосын кәсіп те жоқ, табыс та жоқ, алған несиесін қайтара алмай жатады.

Екіншіден, ол несиені алып, кәсіп ашқан күннің өзінде өнімін өткізудің нақты бір механизмі, инфрақұрылым жоқ. Мал өсірсе де, жеміс-жидек өсірсе де тауарды саудалау кезінде қиындықтарға жолығады.

Сондықтан, қазір халыққа кәсіп ашудың қыр-сырын және оны ашқан соң өнімін өткізудің механизмін дұрыстамай, несиені миллиардтап берсең де, жұрттың жағдайы жақсарып кетпейді.

Ауыл халқы қазір расымен де көмекке зәру. Көмектесу үшін кәсіпкерлікке нақты жағдай жасалуы тиіс», - деп түйіндеді ол өз ойын.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары