Қостанайда Коммунистік халық партиясы жергілікті филиалының ұйымдастыруымен комсомолдың 101 жылдығына арналған ретро көліктер керуені басталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол туралы бүгін партияның белсенді мүшесі Елена Кашарина өзінің facebook парақшасында қайта-қайта хабарлады.
«Сегіз ретро автокөлік облыс орталығының көшелерімен өтіп, комсомол уақытын еске түсіреді. Мен өзім комсомол мүшесі болдым және ол уақыт ең керемет кездердің бірі еді. Көптеген басшылардың комсомол белсенділерінен шыққанын айтпасам да түсінікті ғой», - деп қатты толқып отыр жазба авторы.
Оның айтуынша, «ретро автокөліктер» керуеніне қостанайлық Сергей Коверенский 1963 жылғы қызыл «Москвич 403»-імен қатысқан. Ол бұл көлікті мектепте оқып жүрген кезінде алыпты.
«Сергейде тағы екі «Москвич 400, 2140» көлігі бар. Ол - осы марканың фанаты. Сіздер білесіздер ме, бұл ретро көліктерге қарап, кеңестік автомобиль индустриясы әлемдегі ең мықты деп есептеймін! Бұл керуен Коммунистік халық партиясы кезіндегі біздің өткенімізді еске салды. Осы уақытқа бізді қайта әкелгеніңіз үшін рахмет!» - дейді «қуанышы қойнына сыймаған» Елена.
Сол кеңестік ескі-құсқы автокөліктерге полиция қызметкерлері салтанатты түрде жол бастап жүрді. Ал әлгі «жерден жеті қоян тапқандай» мәз болып отырған Елена Кашаринаға «Нұр Отан» партиясы Бейімбет Майлин аудандық филиалының өкілі «Жағалаудағы аялдамасы қай тұста болады?», «Нақты қай жерде?», «Телефон жазыңыздаршы!» деп қоярда-қоймай жанығумен болды.
Ал қостанайлық коммунистер мен нұрортандықтар осылайша өткенді аңсап, келмеске кеткен комсомол күніне өзеуреп жүргенде, солтүстіктің астықты өңірлерінде ұн мен нан қымбаттауда. Халық салығын қандай іске жұмсау керектігін білмеудің бір айғағы – осы!