$ 494.87  520.65  4.91

ҚХА неге бюджеттен қаржыландырылады?

Дағдарыс жағдайына бейімделу туралы айтқанда, алдымен мемлекеттік бюджеттің шығындарын қысқарту жайы ойға оралады. Өте орынды! Бірақ, атқарушы билік бюджет шығындарын үнемдеуді неге әлеуметтік салаға бөлінген қаржыны қысқарту мен оңтайландырудан бастайды?

Мәлім болған ақпаратқа жүгінсек, елімізде мемлекеттік кіріс көзіне емініп отырған жүздеген салалық органдар бар екен. Мемлекеттік қызмет функциясын атқармайтын, бірақ тікелей қазынадан қаржыландырылатын еншілес мекемелерді былай қойғанда, ортақ қазаннан ас жеп отырған азаматтық қоғам институттарының өзі бір төбе бізде.

Бұл жерде екі мәселенің басын ашып алу керек, біріншісі мемлекеттік тапсырыс саясаты шеңберіндегі бағыт және тікелей қаржыландыру бағыты. Бізді қызықтыратын соңғысы, қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік бюджеттен тікелей алатын қаржысы.

Мысалға, Қазақстанда құрылғанына жиырма жыл болған Қазақстан халқы Ассамблеясы деген әйдік ұйым бар. Құрылымы, жұмыс істеу тетіктері тұрғысынан алғанда бұл қоғамдық бірлестік Біріккен Ұлттар Ұйымының шағын моделі болып саналады. Болмаса бұқараны осы сөзге сендіруге мүдделіміз... Рас, ҚХА-ның қазақ (...стандық) қоғамындағы орасан орынын салмақтауға, әрине, міндетті емеспіз. Бірақ, осы қоғамдық бірлестіктің қаржыландырылуына қатысты қисынды қисап жасауға болады.

Жалпы, Ассамблея мемлекеттік орган емес, жарғысы бойынша қоғамдық институт. Демек, еліміздегі қоғамдық бірлестіктер сияқты бұл ұйымның да барлық жұмысына ашықтық тән болуы тиіс. Және осы жолдарды жазып отырып, ешқандай ұлтаралық қатынастарға қатысты ұстанымдарға бой алдыруды мақсат тұтпайтынымызды да ескертеміз.

ҚХА құрылымы орталықтан басқарылатын ұйым болғанымен, оның негізгі қызметі аймақтарда атқарылады. Яғни, ассамблеяның тамыры – өңірлерде. Тиісінше, әр облыстағы кіші Ассамблеяның (қаласаңыз «мини-БҰҰ» деп оқыңыз...) қаржылық ауыртпалығын көтеретін де облыстардың қазынасы болып отырғаны анық. Қолымызға тиген деректерді сөйлетейік. Биылғы жылы Алматы облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қаржыландыруға бюджеттен 110 млн. теңге бөлінген екен. Бұл қаржы облыс аумағындағы ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысын үйлестіру мен Талдықорған қаласындағы Достық үйін қамтамасыз етуге жұмсалып отыр. Жалпы, биылғы мерейтойлық жыл шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясының осы облыстағы хатшылығы 500 000 адамды қамтыған бір жарым мыңнан астам шара өткізген. Сондай-ақ, «Ассамблеяның 20 игі ісі» атты арнайы акция аясында сегіз мыңға жуық адамға әлеуметтік қолдау жасалған. Осының мақсатқа 114 млн, теңге тағы жұмсалыпты. Жоғарыда белгілі болғанындай, дағдарыс дауылы шайқаған Қазақстан экономикасы үшін ҚХА-ның бір аймақтағы бөлімінің жұмысын жүргізуге жұмсалған қазына қаржысы аз салмақ емес. Енді осы деңгейлес дөңгелек санды 14 облысқа көбейтіңіз...

Рас, халықтар достығы - киелі сезім! Және ол ешқандай ақша бірлігімен өлшенбеуі керек. Бірақ, ана қаржыға әлеумет үшін тиімді нәрсе жасауға да болар еді... Деген ой еді біздікі!

Айтпақшы, әлгінде, Ассамблеяның ұстынын БҰҰ форматымен салыстырдық қой, демек ҚХА құрылымын қаржыландыруда да сол әлемдік үлгі - жүйені неге қолданбасқа? Ұлттық орталықтар есебінен қаржыландыруды айтамыз...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары