Youtube желесінде Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың Қазалы ауданына барған сапарында полицейлердің жолды жауып, көшеде кептеліс болып жатқан видеосы жарияланды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Видео авторы, журналист Тоқберген Әбиев полиция сержантынан жолды не себепті бөгеп тұрғанын сұрады. «Әкім келе жатыр» дегеннен өзге ештеңе айтпаған сақшы журналистке құжатын көрсетіп, аты-жөнін айтудан да бас тартты. Ал сол жерде жүрген офицер көше жолдары облыс әкімі келе жатқандықтан жабылып жатқанын айтты.
Сол сәтте жолдың жабылуы салдарынан кептеліс болып жатқанына налыған әріптесіміз полицейлерге: «Облыс әкімі мына жердегі қай халықтан үлкен?! Мен білетін облыс әкімі – халық үшін қызмет ететін мемлекеттік қызметкер. Неге халықтың жолын жабады ол?!» - деп ренжіді.