Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық мәселелер бойынша кеңесшісі Олжас Құдайберген Қазақстанда халық тұрмысының мәз емес екенін жасырмады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Хабар24» арнасының «Круглый стол» бағдарламасына қатысқан ол, ел экономикасындағы жалақы қоры 20 триллион теңгені құрауы керектігін ескертті. Алайда, БЖЗҚ небәрі 8 триллионды тіркеген.
«Яғни, 12 триллион көлеңкеде, бұл – 60%-ы деген сөз. Адамдар бұл зейнетақы жүйесіне сенбейді. Бұл жерде мәселе сол зейнетақы жүйесінде. Ол дұрыс жасалмаған», - дейді Олжас Құдайберген.
Сонымен қатар, ол баспана алу үшін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын қолдану туралы шешіммен не себепті келіспейтінін де айтты.
«Тұрғын үйді алатындар санына тоқталатын болсақ, оларды кім алады? Мәселен, 120 мың адам делік, 120 мың адамның қаншасының жеке баспанасы бар? 90%-ның баспанасы бар. Тек 10%-ы ғана ипотека арқылы рәсімдеуі мүмкін. Негізінде осы 10%-ға ғана мұның бір пайдасы болады. Мәселені шешу үшін бірінші қадам ретінде 300-400 мың адам жинау керек. Екінші қадам ретінде кез келген адам осындай мүмкіндікке ие бола алатындай модель жариялануы тиіс», - деді сарапшы.
Өйткені, қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өзі Қазақстанда баспаналарды көптеп салып жатқан жоқ. Оның да өзіндік механизмі бар. Одан бөлек, елімізде жұмыссыздық мәселесі де ушығып тұр.
«Біз адамдардың жағдайы жақсы екенін дәлелдегіміз келеді. Шын мәнінде, зейнетақы жүйесі де сәтсіз жасалған. Тұрғын үй жүйесі 2 миллион шаршы метрдің құрылысын ғана қамтамасыз етеді. Бізде тұрғын үймен қамтамасыз ету тек 20 шаршы метрді ғана құрайды.
Егер ауылдарда қалған ескірген және апаттық үйлерді алып тастасақ, онда біздің тұрғын үймен қамтуымыз шамамен 16 шаршы метрге дейін түседі.
Ал ауылдың бір бөлігі қалаға көшкенін ескеретін болсақ, қалаларда тұрғын үй тапшылығы сезіледі. Наразылықтардың болуы осыдан хабар береді. Адамдар баспана және жұмыс мәселелерін көтереді. Баспана расымен де тапшы», - деді Олжас Құдайбергенов.
Еске сала кетсек, бұған дейін ол зейнетақы жинағын баспана алуға беруі мүмкіндігі туралы президент тапсырмасының орындалмағаны туралы айтқан еді.