Әлеуметтік желіде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен оның көмекшісін жиналыс үстінде ұстағаны туралы хабар тарады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сондай-ақ, облыс әкімінің үйінде тінту жүргізіліп жатқан көрінеді. Осы орайда, блогер Аида Жексеннің телеграм каналындағы мына жазбасын да жариялағанды жөн көрдік:
Іле-шала vlast.kz құқық қорғау органындағы дереккөзге сілтеме жасап, Бақауовтың ұсталғанын Президент әкімшілігі растағанын және оның көмекшісімен бірге пара алды деген күдікке ілінгенін жазды. Басылым мақаласына сүйенсек, қазіргі уақытта облыс әкімдігін күш құрылымдары қоршап тұрған көрінеді.
Алайда, облыс әкімдігі Instagram парақшасына ол туралы әзір ештеңе дей алмайтындары туралы хабарлама жазды.
«БАҚ-та, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Павлодар облысының әкімі ұсталды, тергеліп жатыр» деген мазмұндағы хабарламалар мен аудиожазбалар таралуда. Дәл қазіргі уақытта аталған ақпаратты растайтын ресми деректер жоқ. Ресми деректер жарияланғанға дейін қандай да бір тұжырым жасаудан аулақ болуға шақырамыз. Біз Сіздерді өзіміздің әлеуметтік желілер арқылы хабардар ететін боламыз» делінген хабарламада.
Сонымен қатар, кейбір ақпарат көздері әкімдік өкілдерінің ұсталғаны туралы ақпарат расталмағанын айтуда.
Telegram-дағы Contact @yyedilov арнасына шыққан соңғы ақпаратқа сүйенсек, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бірақ, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына сәйкес, нақты ұстау фактісі болмаған. Ал ертең ҚР ҰҚК мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылмақ екен.
Айта кетсек, біз бұған дейін журналист Қайнар Олжайдың Павлодар облысы әкімінің аң-құс атып жүрген ысырапшылдығын сынаған жазбасын, Бақауов портретінің 31 миллион теңгеге сатылғанын, оның баспасөз мәслихатында журналистерге Нұр-Сұлтанда отырып, Павлодар туралы айтқысы келмегенін жариялаған болатынбыз.