Сатирик-жазушы Ғаббас Қабышұлы Dalanews.kz сайтына берген сұхбатында белгілі ақындар Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановқа қатысты айтылмаған құпиялардың шетін шығарды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қоғамда, қауымда «жолы болғыштар» қашанда кездеседі. Сондайлардың бірі – ақын ағаң Олжас. Тек құжат тілімен айтсам: ғарышқа адам ұшыру бәсекесінде мерейі үстем болған Совет Одағының сол ғылыми жетістік-жеңісін мадақтауға «Казахстанская правда» газеті редакциясынан тапсырма алып, «Адамға табын, Жер енді!» деген саяси өлең жазған біздің ақын ықылым заманнан адамзат Ана деп ардақтап келе жатқан Жерге: «...Ты, Земля, поклонись Человеку, твой бог – Я!» – деді.
Астапыралла! Арзан қалжамен атағы шыққан Олжастың одан бергі «ұлылығы» өзі құрмаған, өзі атын қоймаған қозғалысқа ие болуымен, Семейге өз еркімен бармаса да, ондағы полигонды «жабуымен» жалғасты», - дейді Ғаббас Қабышұлы.
Айтуынша, бұл әңгіменің негізі семейлік журналист Владимир Пигаваевтың, жазушы Әнуар Әлімжановтың және мәскеулік академик Евгений Велиховтың жазбаларында нақты айтылған. Ал толыққанды деректі Семей атом полигонын жабу күресін жанпидалықпен бастап, мақсатына жеткен қайраткер, бұрынғы Семей облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Кешірім Бозтаевтың «Семей полигоны» атты кітабынан оқып алуға болады екен.
«Олжастың одан кейіндегі «ұлылығы» – қозғалысын акционерлік қоғамға айналдырып, Семей полигонынан тауқымет тартқандарға, басқа да мұқтаждарға көмек көрсетеміз деп арнаулы қор ашып, оған 2-3 жылда жиналған миллиардтаған доллардан семейлікке жарты доллар да бұйыртпай, өзара бөліске салып, қордың «қайраткерлері»: Машкевич, Шодиев, Ибрагимов, Беренбаум деген жемқорлардың миллиардер болып шығуларына жол ашқаны.
Қор тиісті орындардың тексеруімен, акт жасауымен ақырында жабылды. Бірақ, ол акт зым-зия болды. Дегенмен, ақын құрбымның еңбектері ескеріліп, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Тағы бір дерек: «Алма-Ата» «Алматы» болып дұрысталғанда, одан соң қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Алматыда іс қағазын мемлекттік тілде жүргізу жайында шешім шығарғанда, Олжас аса маңызды ол екі шараға да бірінші болып қарсы шықты. Сонысы «ештен кеш жақсы» ескеріліп, қаланың жаңа әкімі жақында оған «Алматының Құрметті азаматы» атағын сыйлады», - деді одан әрі сын-сықақты құдіретті қаруы еткен қаламгер.
Одан кейін Мұхтар Шахановқа қатысты сөзін «Ол ақын інімнің мінезінде байқала бастаған аумалы-төкпелілік маған да түсініксіз» деп бастаған Ғаббас Қабышұлы бұл ретте де бар шындықты жасырмауға тырысқан.
«Уважаемый Геннадий Васильевич, мы называем Вас отцом двух языков» деп Колбинді қолпаштады. Оның КСРО Халық депуттары құрылтайының мінберінен Желтоқсан зобалаңы туралы сөйлеуін Еркін Әуелбеков ұйымдастырды. Кәрішал Асановтың: «Ол сөздің тезисін Еркін Әуелбековтің қалауы бойынша мен жазып бердім» дегені бар. Желтоқсан оқиғасын тексеретін комиссия Михаил Иванович Есенәлиевтің партия пленумында, Жоғарғы Кеңес сессиясында жазбаша талап етуімен құрылғаны – ақиқат», - дейді ол.
Алайда, Шахановтың өзі онысын мойындамайтын көрінеді.
Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені бір Аллаға аян. Ал Ғаббас Қабышұлына айтар қарсы уәждері болса, аталған екі ақын да ортамызда жүр...