$ 494.87  520.65  4.91

«Бір кемпір екі сиырын асырай алмай отыр»: белсендінің сөзін «мәңгүрт» атанған әкім мойындамады (ВИДЕО)

«Осы ауданда үш жылдан бері жұмыс істеймін, содан бері бір проблеманы айтып келеді», - дейді әкім.

Әлеуметтік желіде Атырау облысы Исатай ауданының әкімі Марат Мұрзиевтің халыққа есеп беру жиналасындағы ауыл тұрғынының мінбердегі сөзі тарап кетті. Ол видеоны Беркін Садықов есімді азамат «Облыс әкіміне осылай кім сөйлей алады?» деген тақырыппен facebook парақшасына жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеодағы азамат аймақтың экология мәселесін көтере отырып, арасында әкімнің қазақша дұрыс түсінбейтінін сынаған.

«Біз қамысты өртеуіміз керек. Одан кейін көк құрақ шығады. Балапан, жан-жануар аман қалады. Мен саған айттым, бірақ, түсінбедің. Сенің мәңгүрт екеніңді осыдан білдім... Себебі, мынадай жерде жылқы ұстауға болмайды. Экология бүлініп жатыр. Маусымдық шөпті жеп қояды.

Бір кемпір екі бұзаулы сиырын асырай алмай отыр. Каналға су айдағанның мәні жоқ. Жылқыны тау жаққа айдау керек. Экологияны «катастрофаға» ұшыратамыз. Ертең ауру осы қамыстан шығады. Осыны айтсам, түсінбейсіңдер. Ноғаев кетті, құлақтан теуіп. Сен келгенде айттым: «Алаштың азаматының бөтендігі жоқ, хош келдің елге! Дұрыс жұмыс жаса!» деп. Бірақ, сен қазақша білмейсің, мәңгүртсің», - деген ол.

Ол кісінің аты-жөні Сағатбай Қапенов екен. Azattyq Rýhy сайтының тілшілері мәселенің мән-жайын білу үшін Исатай ауданының әкімі Марат Мұрзиевке хабарласып көріпті. Сонда әкім өз ойын қазақша жеткізе алатынын, бірақ, мектеп пен жоғары оқу орнын орысша бітіріп, орыстілді ортада өскенін түсіндірген.

«Мен енді орысқол азаматпын. Кезінде балабақшаны, мектепті, институтты орысша бітірдім. Білмеймін енді. Кісілермен сөйлескенде өзімнің ой-пікірімді жеткізе аламын. Мені енді экзаменнен өткізіп, жұмысқа алды ғой. Жұмыс жасауға ол кедергі емес сияқты», - дейді әкім.

Сонымен қатар, ол белсендінің көтерген мәселесін орынсыз деп бағалайды екен.

«Ол кісі өмір бойы сол бір-екі мәселені көтере береді. Сол қамыс өртеуді айтады. Мәселесі орынсыз. Себебі, Каспий теңізін білесіздер ғой, ерекше қорғалатын аса маңызды жер. Үлкен кісі ғой. Облыс бойынша оны бәрі таниды. Осы ауданда үш жылдан бері жұмыс істеймін, содан бері бір проблеманы айтып келеді», - деген пікір білдірді әкім.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары