$ 494.87  520.65  4.91

Қордайдағы қақтығысқа арнайы шолу (ФОТО)

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ОКҚ-да өткен брифингте өрттің салдарынан болған бұзақылықтың салдарынан 30-дан астам жеке үй, 15 сауда нысаны мен 23 автокөлік зақымдалғанын айтты.

Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында болған жаппай төбелестен 8 адам көз жұмды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаға қатысты мәлімдеме жасап, қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтты. Президент істің ақ-қарасын анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құруды тапсырды.

Президенттің тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жетекшілік етеді. Аталған оқиғаға қатысы барларға Қылмыстық Кодекстің «Бұзақылық», «Кісі өлімі» баптары бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Мұндай ақпаратты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, кеше түнде болған төбелестен 30 шақты жеке үй, 15 сауда орны, 23 автокөлік бүлінген.

Айта кетейік, 40 шақты азамат түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген, 47 адам қамалған. Олардың саны әлі де өзгеруі мүмкін. Барлығы тергеу амалдарына байланысты.

Әлеуметтік желіде дүнгендер мен қазақтар арасындағы төбелес деп таралған видеолар мен суреттер жіті тексеріледі. Арандатушылар арнайы құрылымдардың бақылауына алынады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осылай деді. Оның айтуынша, жағдайды әрі қарай ушықтырудың қажеті жоқ. Себебі бұл мемлекеттің тұтастығына зиян тигізеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қордайдағы оқиғаға байланысты Үкіметтік комиссия құрылды. Жедел жолға шыққан комиссия оқиға болған Масанчи ауылына жетіп, қайтыс болған марқұмдардың отбасына көңіл айтты. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, бүлінген үй-жайлар мен сауда орындарына барды. Зардап шеккендерге әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан көмек көрсетіледі. Облыс әкімдігі қайтыс болғандарды жерлеу рәсімін өз мойнына алды. Бүлінген дүние-мүліктің құны есептеліп, үкімет қаржысына қайта қалпына келтіріледі.

Қордай ауданында болған төбелестен бірнеше бейбіт тұрғын зардап шеккен. Олардың 30 –ы қазір жергілікті ауруханада. Ал қалғаны сан. авиациямен Алматы қаласына жеткізілген. Бір азаматтың жағдайы өте ауыр, ол ұзақ жол көтере алмайтын болғандықтан, әзірге жергілікті ауруханада. Бұл туралы Үкіметтік комиссия төарағасы Бердікбек Сапарбаевтың емдеу мекемесіне барып, зардап шеккендермен кездесуінде мәлім болды. Премьер-министрдің орынбасары ауыл ақсақалдарымен де кездесіп, жастарды тәрбиелеудегі қариялардың рөлі маңызды екенін айтты. 

Болған оқиғаға қатысты ҚХА мәлімдеме жасады. Онда айтылған негізгі мәселелерге тоқталсақ, ұлтаралық жанжалды туғызбау үшін өңірлердегі ассамблея хатшылықтары түрлі этнос өкілдерінің басын қосып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кіріскен. Біреудің жасаған қылмысы тұтас ұлтқа нұқсан келтірмеуі керек. Ал істі болғандар, қылмысы дәлелденсе, заң алдында жауап беруі тиіс. Сондықтан дүрмекке еріп, дүрбелең туғызудың қажеті жоқ. Ел ішіне іріткі салуға жол берілмесін делінген Ассамблея мәлімдемесінде.

Дереккөз: "Қазақ радиосы"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары