$ 494.87  520.65  4.91

«Жүрген жеріне шөп шықпай» ма, әлде «тұзы жеңіл» ме?: Асқар Мырзахметов ақыры орнын босатып тынды

Тәжік тарапы да, дүңген тарапы да «тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан жергілікті тұрғындар арасында кикілжіңдер бұрын да болған, бірақ, мұндай деңгейге жетпеген» деседі. Демек, екі жақта да Асқар Мырзахметов облыс әкімі болып тұрғанда жағдай ушығып кеткен.
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Қазір Жамбыл облысының Қордай ауданындағы қазақ-дүңген қақтығысы саябырсып, жоғары билік өкілдері соның салдырынан болған шығынды қалпына келтіріп жатыр. Айтпағымыз, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов кезінде ОҚО әкімі болып тұрған кезде де Шымкент шаһары маңында дәл осындай сипатта қазақ-тәжік қақтығысы болған еді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақы қисынға салсақ, бұл Мырзахметовтің «тұзы жеңіл» ме, әлде, ол «жүрген жеріне шөп шықпайтын» шенеунік пе? Қалай десек те, бұл ретте «таяқтың екі ұшы бар» сияқты. Бірі – ол өңір басшысы ретінде не жергілікті қазақтың есесін жіберіп, өзге ұлт өкілдерінің мүддесін қорғауға басымдық беріп отырады, екіншісі – «намысын бермеу үшін атқа қонуға» даяр қазақтардың шектен шығып кетуіне жол беріп қояды. Осылайша, жағдайдың алдын алып, заңмен реттеп отыруға олақтық танытатынға ұқсайды.

Бір қызығы, 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы (қазіргі Түркістан облысы) қақтығыс та ақпан айында болған еді. Сол кезде қазақ-тәжік шиеленісі туралы ресми ақпарат ақпанның 6-сында жарияланса, биыл Қордайдағы оқиға дүйім жұртқа ақпанның 7-сінде мәлім болды. Екеуінде де қазақ жігіттері кешке үйлерді, сауда нүктелері мен автомобильдерді өртей бастады, адамдар зардап шекті.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бостандық және Ынтымақ ауылдарындағы қақтығыс жайлы видео мен фотосуреттер алдымен әлеуметтік желілерде тарады. Жамбыл облысындағы Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылында да солай болды. Бірінші оқиғаға Сарыағаш аудандық мемлекеттік кіріс басқармасының бас маманы, 1985 жылы туған Бақытжан Артықовтың тәжіктер қолынан қаза тапқаны себеп болса, екінші оқиғада дүңгендер ауыл қариясы мен оның екі ұлын соққыға жыққан болып шықты.

Сарыағашта оқиға орнына 200-ге жуық азамат жиналса, Қордайда 300-ден астамы бас көтерді. Ынтымақ ауылындағы мектептің директоры Рано Абдураимова 18 мыңға жуық тұрғыны бар Жартытөбе ауылдық округі халқының шамамен үштен бірі тәжік десе, «Қазақстанның Дүңген қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Хусей Дауров Масаншы ауылы тұрғындарының да 90 пайызы дүңгендер деп отыр.

Тәжік тарапы да, дүңген тарапы да «тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан жергілікті тұрғындар арасында кикілжіңдер бұрын да болған, бірақ, мұндай деңгейге жетпеген» деседі. Демек, екі жақта да Асқар Мырзахметов облыс әкімі болып тұрғанда жағдай ушығып кеткен. Неге? Қазақстан билігі «тұрғындар үшінші тараптың арандатуына ұрынып қалды» дегенді ресми мәлімдеді. Сонда ол тасадағы «үшінші тараптың» Асқар Мырзахметовтің қызмет бабына кері ықпал еткісі келген күштер емес екеніне кім кепіл?..

Ұзын сөздің қысқасы, сол Мырзахметовіміз бүгін Қордайдағы қақтығыс салдарынан Жамбыл облысының әкімі лауазымын аяқтап, орынтағын осы өңірге үкіметтік комиссияны бастап барған Бердібек Сапарбаевқа босатуға мәжбүр болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары