Сенатор Мұрат Бақтиярұлы жұмысын шала атқаратын министрлер мен әкім-қараларға ерекше шүйлігеді. Желідегі жұртқа да сонысымен жағады. Сол себепті болса керек, әлдебіреулер оның Wikipedia интернет-энциклопедиясындағы өмірдерегіне «расист» және «русофоб» деген «өзгеріс» енгізіп қойыпты деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Таяуда ғана «Тоқаевтың тапсырмасын орындауға өз ісіне жүрдім-бардым қарайтын шенді-шекпенділер кедергі келтіріп отыр», - деп мәлімдеген еді сенатор. Сондай-ақ, ол тіл мәселесіне келгенде де көкейдегі ойын бүгіп қалған емес.
«Еліміздің әр азаматын қазақ тілін білуге міндеттейтін уақыт келді. Мемлекеттік тілді білу – борыш емес, міндет! Заңнамаға осындай өзгеріс енгізу керек. «Борыш» деген сөз қазақстандықтардың сана-сезіміне ешқандай әсер етпейді, көбісі бұған мән бермейді де. Сол себепті, азаматтар қазақ тілін меңгеруге талпынбайды, ал кейбіреулер оны пайдасы жоқ деп есептейді. Тілді білуге міндеттемесек, қазақстандықтар оны меңгермейді», – деген ұстанымда Мұрат Бақтиярұлы.
Осы орайда, сенатордың тілге қатысты талаптары кейбіреудің шамына тиіп кеткенге ұқсайды. Мысалы, оның Wikipedia интернет-энциклопедиясындағы өмірдерегіне өзгеріс енгізіп, «расист», «русофоб» деп жазып қойғандар бар. Әзірге тіл жанашырын өйтіп ту сыртынан кімдердің тілдеп жүргені белгісіз. Өмірдерегін «түзетушінің» Dmitriy AL деп көрсетілген есімі бүркеншік есім болуы мүмкін.
Dalanews.kz сайты ол туралы «Белгілісі – қазақ тілінің қас жауы. Сенатор сөз еткен «мемлекеттік тілді меңгеруге талпынбайтын әрі пайдасы жоқ» деп есептейтін есерсоқтың бірі. Қазақ тілінің сойылын соғып, намысын жыртып жүрген азаматтарды атарға оғы жоқ, астыртын күресіп жүрген орыс шовинисі болуы да ғажап емес» деп жазған.
Тағы оқи отырыңыз: Алматыда орыстілді саясаттанушылар бірін-бірі «әдеби «Оскар» сыйлығымен марапаттады
Енді сенатор бұл мәселені жылы жауып қоя салмай, ар-намысына (оның ғана емес, жалпы мемлекет пен тілге құрметпен қарайтын кез келген азаматқа) тіл тигізген адамды анықтауы керек-ақ.