11.03.2020, 22:00

«Сенатта бізге сөз бермеді»: желідегі тағы бір жалған ақпарат әшкере болды (ВИДЕО)

Қазіргі уақытта Сенатта әлгі бейнеүндеуде айтылған мәселелер талқыланып та, бұл мәселелер қарастырылған заң жобасы қаралып та жатқан жоқ.

Youtube желісінде «Қорғау HR» Адам құқықтарын қорғау қорының» өкілі Гүлмира Исембиеваның Парламент Сенатын сынаған бейнеүндеуі жарияланған еді. Алайда, онда айтылған сөздер жалған болып шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Парламент Сенатында өтетін әрбір дөңгелек үстел барысында ата-ана ретінде сөз сөйлеймін деушілерге сөз сөйлеу мүмкіндігі берілмейді, микрофондар өшіріледі. Менің айтқым келгені, қазіргі уақытта кез келген медициналық араласудан бас тартқаны негіз болған ата-аналарды – бізді ата-ана құқығынан айыратын 152-бап Парламентте қаралып жатыр.

Олардың пікірінше, бұл шара балалардың денсаулығын сақтайтын болады. Яғни, екпе салдырғымыз келмесе, онда бізді ата-ана құқығынан айыра алады. Егер біз баламызды психотроптық дәрі-дәрмекпен емдегіміз келмеген жағдайда (ал қазіргі уақытта мектептерде писоходиагностика енгізіле бастады), бізді тағы да ата-ана құқығынан айыруы және баламызды балалар үйіне жіберуі мүмкін.

Мен бұл түзетумен келіспеймін және менің ойымша көптеген ата-аналар да бұл түзетумен келісе қоймас» - деп байбалам салған еді Гүлмира Исембиева.

Ал бүгін Сенаттың баспасөз қызметі бұл деректер шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Соған сүйенсек, қазіргі уақытта Сенатта әлгі бейнеүндеуде айтылған мәселелер талқыланып та, бұл мәселелер қарастырылған заң жобасы қаралып та жатқан жоқ.

«Сенатқа келіп түскен барлық заң жобаларын талқылауға жұртшылық кеңінен қатысады. Әркім сөз алып, өзінің пікірін білдіре алады. Жұртшылықпен тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз ету мақсатында Парламенттің ресми сайты да (senate.parlam.кz) жұмыс істеп тұр» делінген ресми хабарламада.