Белгілі қоғам белсендісі Арман Шораев facebook парақшасында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі Қазақстан халқына жолдаған үндеуін қолдамайтынын жеткізді. Осы сәтте, ол еліміздегі олигархтар мен ірі кәсіпорын басшылары елдің дағдарыстан дамуға өтуіне миллиондап емес, миллиардтап қаржы құйғандары жөн деп санайды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мен қолдамаймын. Өйткені, бізде Ұлттық қор бар. Бір жарым жыл бұрын ешкімнен сұрамай, Цеснабанкті құтқаруға 6 млрд доллар берілді емес пе?! Бұған дейін де ондаған миллиард доллар «ерекше» жолмен шығарылған болатын. Айтпақшы, Цеснабанк дәл осындай «керемет» жол арқылы Назарбаев Университетінің меншігіне айналды. Ал ұлттық қорға ақша қайтарылған жоқ.
Сондықтан астана әкіміне осы жаңа қорға миллиардтаған қаржы салуға Назарбаев Университетін, Алматы әкіміне Халық банкін тарттыруды сұраймын. Олар 100 миллион теңгенің орнына 100 миллиард теңге аударсын. Ал Қарағанды облысының әкімі Арселор мен Қазақмыстан бір миллиард доллардан шығаруын талап етсін. Павлодар қаласының әкімі Машкеевич, Шодиев және Ибрагимовтан өндіріп алсын. Шығыс Қазақстан облысының әкімінен «Казцинк» пен «Казминералс» компанияларын бір сілкіп алуын сұраймын» деп жазды Арман Шораев.
Ұлттық қор тұрғанда, оған Республикалық қорды балама етудің қажеттілігі шамалы екенін меңзеген қоғам белсендісі, енді аталған әкімдерден ортақ іске ірі қаржы орталықтарын жұмылдырып қана қоймай, өз күнін өзі көріп отырған жеке кәсіпкерлердің «қалтасына қол салмау керектігін» де баса ескертті.
«Әкімдер! Орта және шағын бизнесте шаруаларыңыз болмасын! Олардың онсыз да өнідірістері тоқтап, шығынға ұшырап жатыр. Осындай жағдайда да өз қызметкерлеріне жағдай жасауға көмектесіп, жұмыссыз қалмауын қамтамасыз етуде. Олар, тіпті, мұқтаж жандарға да сіздердің нұсқауларыңызсыз-ақ көмек көрсетіп жатыр. Одан да ондаған жылдар бойы халық пен бюджеттің ақшасына көз тігіп, байып алған олигархтарды қыспаққа алғандарыңыз дұрыс», - деп жөн сілтеді ол атқарушы органдарға.
Бұл ретте, Арман Шораевтың әкімдерге айтып отырған ұсынысы – жүз пайыз қолдауға тұрарлық бастама. Елден алғандардан осындай сәтте елге беруін міндеттеген маңызды. Тіпті, басқа да халықтың көз алдында жүрген, қоғамда әжептәуір салмағы бар азаматтар осы «Мен қолдамаймын» деген сөзді челленджге айналдырып, билікке жан-жақтан өз талап-тілектерін жеткізуіне болады.