Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан facebook парақшасында Патох Шодиевтің Қазақстан байлығынан қалауынша жиған-тергенін өзінің өзбек ағайындарына аудара салғанына сүйсінді. Сосын ондай ұлтын сүйген мәртебелі мәрттік біздің байшыкештердің қолынан келмейтінін қынжылыспен жеткізді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Сіз мұнда мақтанатындай нәрсе көріп тұрсыз ба? Мен көріп тұрған жоқпын, - деп бастады ол жазбасын, елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жариялаған, меценаттар мен бизнесмендердің республикалық қорға аударған миллиондарының тізімін көрсетіп. – Тым құрығанда, өзбек олигархтарынан үлгі алмағандары ұят қой. Олар өз Отаны – Өзбекстанға қалай көмектесті?! Ұлтшылдар дерсіз, бәлкім?.. Әне, жалғыз Шодиевтің өзі коронавирусқа қарсы күреске 200 млн доллар бөліп отыр. Тіпті, Усманов өзінің барлық миллиардтаған дәулетін Өзбекстанға мұра ете салды».
Ал біздің коронавирусқа қарсы күрес үшін ашылған қорға түскен 10 миллион доллар – елбасының күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың атынан аударылған. Қалған 1-2 миллион долларларды да сол биліктің басы-қасында жүргендердің жегжат-жұрағаттары сала қойып отыр.
«Бары осы ма не? Жалпы, біздің Форбс тізімі дегеніміз не нәрсе өзі? Олар қалай Қазақстанда миллиардер болып отыр? Мүмкін Илон Маск, Марк Цукерберг немесе Стив Джобс сияқты бірдеңе ойлап тауып, шынымен өз жағдайын жасайтындай іс тындырған шығар? Әлде, шағын бизнес сияқты ауыр жұмыстарды істеп, бет-бейнесі күн сайын қалыптаса бастады ма?» - дейді соған күйінген Мұхтар Тайжан.
«Әрине, өйткен жоқ», - деп өз сұрағына өзі жауап берген ол, долларды миллиондап, тіпті, миллиардтап санап жүрген сол «өтірік байлардың» мемлекеттік меншікті, зауыттарды, кен орындарын уақытында жекешелендіріп (немесе жай ғана рәсімдеп) ала салғанын алға тартты.
«Содан кейін халықты пайызы екі-үш еселенген несиелерге байлайтын өсімқор банктер ашты. Ол жерде тек адамдарды соңғы пәтерінен қуып шыққан жоқ, бизнесмендерге де қатаң түрде рейдерлік жасап бақты. Ал Форбс тізіміндегілердің дені әлі күнге дейін миллиардтаған мемлекеттік субсидия, яғни мемлекеттік есеп үшін өмір сүреді! Сосын әлгіндей тиын-тебендерін тастайды... Иә, сендер момын халықтың әл-ауқаты есебінен семіріп, әлі күнге дейін оларды алдаусыратып отырсыңдар», - деп ашынды қоғам белсендісі.
Еске сала кетсек, бұған дейін ел жанашырлары Арман Шораев пен Айгүл Орынбектің де осы тақырып төңірегіндегі жанайқайларын жариялаған едік. Оқи отырыңыздар!