Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Ал Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындау үшін Алексей Цойдың кандидатурасын қолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 22-1-бабына сәйкес қаралды. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындау үшін Алексей Владимирович Цойдың кандидатурасы ұсынылуы мүмкін екені туралы қорытынды қабылдады», - делінген ресми хабарламада.
Одан кейін А.В. Цойды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындау туралы Президент жарлығы шықты.
«Алексей Владимирович Цой Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалсын», - делінген онда.
Еске сала кетсек, Алексей Цой үш күн бұрын ғана Үкімет қаулысымен Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі болған еді. Ол 1977 жылы 2 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған.
Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және т.б. елдерде тағылымдамадан өткен. Іскерлік әкімшілік докторы, медицина ғылымдарының кандидаты.
Хирург-эндоскопист, Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылыми медицина орталығының ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, «Еуроазиаттық респираторлық қоғам» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР Президенті Іс басқармасының Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры, ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының басшысы, Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметтерін атқарған.
2019 жылғы ақпаннан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығын басқарды.