$ 443.85  474.3  4.8

«Сынақтардан өтпей қалуы да мүмкін»: ардагер дәрігер ресейлік вакцинаға сенімсіздік білдірді

Мамин мырза, бас салып Ресей екпесіне құлай құда түскенше, маман-сарапшылармен, осыған жауапты құзырлы органдармен ақылдасқаныңыз дұрыс болар еді!
фото: facebook, stan.kz
фото: facebook, stan.kz

Премерь-министр Асқар Маминнің ресейлік ғалымдар дайындап жатқан коронавирусқа қарсы вакцинаға ерекше ынтызарлығы әлден-ақ отандық мамандардың алаңдаушылығын тудырып жатқанға ұқсайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ардагер дәрігер әрі қоғам белсендісі Нұрлыбай Қошаманұлы Ресей вакцинасына қатысты өзінің ойын білдіріп, Премьер-министрдің атына үндеу хат жолдаған екен. Хатында «мен біріншімін!» деген мақтан мен даңғойлықтың бұл жерде жүрмейтінін әрі адам денсаулығымен ойнауға болмайтынын ескерткен. 

«Қазіргі корановирус індеті әлі толық зерттелмеген, зерделенбеген басы ашық тақырып. Бүгінде екпе (вакцина) өндіретін және оны ұсынушы нарық көп. Бұл тұрғыда біз барлығын сараптамадан өткізуіміз керек. Әрбір екпенің артында адам факторы тұр. Асығыстықта ағаттық көп - адам денсаулығына бұлай жеңіл-желпі қарауға болмайды. Ендеше, алдын ала бас салып, Ресей екпесіне құлай құда түскенше, маман сарапшылармен, осыған жауапты құзырлы органдармен ақылдасқаныңыз дұрыс болар еді», - деп ойын білдірген.

Сондай-ақ, ол кез келген вакцинаны қолданбастан бұрын жан-жақты тексеруден өткізу керек екенін ескерткен.

Оқи отырыңыз: Асқар Маминнің арманы орындалатын болды

«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Сарапшылар тобы алғашқы кезеңді өндіріс шарттарын бағалаудан бастайды. Бұл кезеңде орталық сарапшылары өндіріс алаңына барып, нақтыланған алгоритм негізінде бағалау жүргізеді. Егер біздің стандарттарға сай келмей қалса өндірушімен сол жерде-ақ келісім бұзылады. Ресей екпесі аталмыш сараптамалардан өтпей қалуы да әбден мүмкін. Уақытында біздің стандарттарға сай келмеген қытайлық, үндістандық, тіпті еуропалық мемлекеттермен келісімді бұзған кездеріміз де болған.

Ең бірінші кезекте – олар қауіпсіз әрі қорғаныс иммунитетін көтере алатындай, эпидемиологиялық тұрғыда тиімді болуы керек. 

Екіншіден, әрбір екпенің қауіпсіздігі мен сапасын қазақстандық дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы бағалайды. Бұл ретте тұтас сарапшылар тобы жұмыс жүргізеді.

Үшіншіден – құжаттар сараптамасы жүргізіледі. Яғни құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі тексеріледі.

Төртінші кезең – екпе ертіндісі тағы бір мәрте Қазақстанның мамандандырылған (фармацевтикалық және фармакологиялық деп екіге бөлінетін) сараптамасынан өтеді. Бұл тұста екпенің (вакцина) денсаулыққа қауіпсіз және тиімді екенін анықталуы тиіс.

Бесінші кезең - мамандандырылған сараптамадан кейін барып вакциналар аналитикалық сараптамадан өтеді.

Алтыншы кезеңде – екпелерге (вакцина) қауіпсіз екені туралы қорытынды беріледі.

Жетінші кезең – осы сатылардың бәрінен өткен соң ғана екпеге Қазақстанның өзінің «тіркеу куәлігі» тапсырылады, қолданысқа жіберіледі. Осы кезеңдердің бәрінен өткен соң ғана мелекеттің сатып алу мәселесі қозғалады.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Сізден әуелі осы сұрақтарға жауап беруіңізді және жоғарыда аталған сарапшылардың (тиісті мекемелердің) құжаттарын көрсетуіңізді, хатқа қоса тіркеуіңізді сұраймыз», - делінген ардагердің үндеуінде. 

Оқи отырыңыз: «Қазақстан Ресейден коронавирусқа қарсы вакцинаны бірінші болып сатып алады» - Асқар Мамин

Оның айтуынша, сырттан тасылатын қандай да вакцина әуелі республикалық иммунологиялық зертханасында вакциналарға қатысты зертхана бақылауынан өтуі тиіс. 

«Ол жерде вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі бойынша егжей-тегжей талдау жүргізіліп, баға беріледі. Вакцинаның қауіпсіздігі мен сапасын біздің Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы бағалайды. Сондай-ақ әрбір вакцина сапасы елге келмес бұрын ДДҰ сертификатынан өтуі тиіс. Ресей вакцинасы осы ДДҰ тексерісінен өтті ме?», - деген сауал қойған.  

Қазақстанда иммунизациялау бойынша «Ұлттық консультативтік комитеті» бар. Оған вакциналардың тиімділігін, жаңадан қолдануға енгізілген вакциналарды егжей-тегжей зерделейтін, денсаулық сақтау ісінің түрлі салаларының ғалымдары кіреді. Бұл жерде егу бойынша Ұлттық күнтізбесін жетілдіру бойынша мемлекеттік органға, вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігінің негізінде ұсыныс жасалады. Осы сатылардың бәрінен өткен соң ғана вакцина қолданысқа жіберіледі. 

«Маминге айтарымыз, Сіз әуелі осы тізбеленген сұрақтарға жауап беріңіз. Ресейден әкелінбекші вакцина осы жоғарыда келтірілген аталмыш қауіпсіздік сапа тексерулерінен өтті ме? Бас салып біреу айтты екен деп қазақстандық зертханалардың ту сыртынан олардың келісімінсіз, белден басып, миллиардтар бөліп, есепсіз мөлшерін сатып алуға болмайды. «Мен біріншімін» деген мақтандық, даңғойлық бұл жерде жүрмейді. Адам денсаулығымен ойнама!!!», - деп жазыпты Нұрлыбай Қошаманұлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары