$ 494.87  520.65  4.91

«Ұлт көшбасшысы болуға дайынмын»: Тихановская мәлімдеме жасады

«Ұлт көшбасшысы ретінде шығып, жауапкершілікті алуға дайынмын», - деп атап өткен Тихановская өз бейне мәлімдемесінде.

Беларусь президенттігіне үміткер Светлана Тихановская жаңа бейне-үндеу жасады, - деп хабарлайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Онда Тихановская өзінің ұлт көшбасшысы болуға дайын екенін мәлімдеген.

«Елдегі ахуал тынышталып, қалыпты тірлікке көшу үшін және барлық саяси тұтқындарды босатып, тез арада заңнамалық негіз бен жаңадан президент сайлауын өткізу шарттарын әзірлеу үшін ұлт көшбасшысы ретінде шығып, жауапкершілікті алуға дайынмын», - деп атап өткен Тихановская өз бейне мәлімдемесінде.

Азаттық радиосының жазуынша, ол өзінің саясаткер болғысы келмегенін, бірақ тағдырдың «әділетсіздік пен бассыздыққа қарсы тұратын майданның алдыңғы шебінде» болуды жазғанын айтты.

«Сіздер маған дауыс бердіңіздер және не үшін дауыс бергендеріңізді де анық түсінемін. Біз 26 жыл бұрынғы қайталап келе беретін шеңберден шыққымыз келеді», - деді Светлана Тихановская.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын Тихановскаяның Литваға кеткені белгілі болған еді. Оның жақтастары Тихановская қысыммен елден кетуге мәжбүр болды деп мәлімдеді. Ізінше оның наразылыққа шықпау туралы видеоүндеуі жарияланды. Видеода Тихановскаяның сөзін қағазға қарап тұрып айтып отырғаны байқалады. Жақтастары оған қоқан-лоқы жасап, мәлімдемені оқытуға мәжбүр қылды деп топшылаған.

Тихановская 15 тамызда тағы да видеомәлімдеме жасап, беларусь қалаларын 15-16 тамызда бейбіт шеруге шығуға шақырған.

Жалпыұлттық шеру өткен сенбі-жексенбі күндері де жалғасын тауып, жиналғандар президент Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап етті. Олар сонымен бірге әділ сайлау өткізуді, күштік құрылымдардың демонстранттарға күш қолданбауын және саяси тұтқындар мен ұсталғандарды босатуды талап етті.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары