Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан мен белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембайдың арасындағы дау-дамай әлі біраз уақытқа созылатын түрі бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мұхтар Тайжан өзінің facebook парақшасында Марғұлан Сейсембайдың үстінен кезекті арыз дайындалып жатқанын айтып тағы бір пост жазыпты. Оның айтуынша, барлығына нүкте қоятын уақыт келді.
«Бизнесте де, қоғамдық қызметте де әркім өз ісі мен әрекетіне жауап беруі керек. Сәуірде сен маған және менің отбасыма қатысты жала жауып пост жаздың. Сол кезде мен сені дебатқа шақырып, өз айтқандарыңды дәлелдеуге шақырдым, бірақ сен бас тарттың.
Енді мен саған ресми сот алдында өз сөзіңді негіздеуге мүмкіндік беремін. Егер сен сотта сөзіңде дәлелдей алмасаң бұрынғы «ерліктеріңе» тағы бір жетістігің – жалақор деген атақ қосылады. Сонымен бірге, 10 млн теңге айыппұл төлейсің, мен ол ақшаны қайырымдылыққа жұмсаймын», деп жазған бұл жолы.
Тайжан мырзаның айтуынша, оның адвокаттары жақсылап тұрып арыз дайындап шыққан.
«Жаздың өтуін күттім, өйткені көп адам жазда күн сайын қайғылы жағдайға тап болып, жақындарынан айырылды. Қазір ел ақырындап қалыпты өмірге оралып жатыр. Сонымен бірге, бүгінде мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі емеспін, сенің үйіңнің айналасындағы аңдушылар да түсініксіз себептермен жоғалып кетті. Осының барлығына нүкте қоятын уақыт келді.
Өз адвокаттарым Назкен Құсайынова мен Әнуар Байдарға алғыс айтамын, олар өте сапалы талап арыз дайындапты, мен оған жаңа қол қойдым, енді арыз Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына табысталады», - деп атап өткен өзінің facebook парақшасында.
Оқи отырыңыз:«Мыналарың маған үлкен соққы болды»: Қойшығара Салғараұлы Марғұлан мен Мұхтарды «арашалады»
Естеріңізде болса, осыдан біршама бұрын Марғұлан Сейсембай Тайжанға ірі көлемде ақша бергенін әрі 2016-2017 жылдары аралығында оның отбасын асырап шыққанын айтып жазба жариялаған болатын. Марғұланның айтуынша, 2016 жылдың маусым айынан бастап 2017 жылдың шілде айына дейін Тайжанға 237 000 АҚШ доллары көлемінде қаржы берген.
Өз кезегінде М.Тайжан сотқа жүгінетінін хабарлады, бірақ бұл әрекетке мұсылмандар үшін қасиетті ай аяқталғаннан кейін баратынын жазған болатын.