Қазақстанда ауылдық жердегі әр отбасыда 900 мың теңге кредит бар. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Өткен жылы үкіметтің қолдауымен барлық ауыл орталығында скрининг жүргізілді. Оған 2 миллионнан астам үй шаруашылығы қатысты. Соның 42%-і ғана тұрақты табысы бар екенін көрсетіп отыр. Орта есеппен әр үйдің табысы – 81 мың теңге, әр адам басына шаққанда 23 мың теңгеден келеді. Әр отбасының мойнында орта есеппен 900 мың теңге кредит бар", - деді Мырзахметов сенатта ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланған парламенттік тыңдау барысында.
Айтуынша, ауылдағы мәселелерді шешу бойынша 2004 жылдан бастап алты бағдарлама қабылданған.
"Ол моноқалаларды, ауыл шаруашылығы аймағын дамытуға бағытталды. Оған 2 триллионға жуық қомақты ақша бөлінген. Әрине, жетістік жоқ деп айта алмаймыз. Көп мәселе шешілді. Бірақ ауылдың жағдайы әлі де әртүрлі болып отыр. Осындай қаражат салынғанына қарамастан қазіргі үлкен қалалар мен ауыл шаруашылығы дамыған облыстардың арасы өте алшақ болып отыр", - деді Мырзахметов
Мысал ретінде Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының экономикасын салыстырды. Айтуынша, екі аймақтың жалпы экономикасының арасы – 11 есе.
"Қазақстан халқының 41%-і ауылда тұрады. 6 300-ден астам ауылды мекен орталықтары бар. Соңғы бес жыл ішінде ықшамдау саясатының арқасында 300-ден астам ауылдық мекеме қысқартылыпты", - деді ол.
Сонымен қатар Мырзахметов кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған "Бастау" жобасы аясында атқарылған істерге тоқталды.
"Үкіметтің қолдауымен соңғы бес жылда "Бастау" жобасын іске асырып отырмыз. Жұмыссыз немесе өзін асырайтын 150 мыңға жуық азамат оқытылды. Ішінде 40 мыңға жуық азамат өз кәсібін ашты. Олардың 93%-і қазір салығын төлеп отыр", - деді кәсіпкерлер палатасының төрағасы.
Айтуынша, бүгінде барлық аудан орталығында кәсіпкерлерді қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар ауыл экономикасының жалпы экономикаға әсер ететінін айтқан Мырзахметов ең алдымен бюджет мәселесін шешуді ұсынды.
Мысал ретінде ауыл шаруашылығы дамыған Ақмола облысының бюджетін көрсетті.
"Ақмола облысы бюджетінің 67%-і – әлеуметтік дамуға, экономикалық дамуға 13%-і, 10%-і – инфрақұрылымдық дамуға бөлінген. Яғни, экономиканың дамуына он процент қана қаражат бөлініп отыр. Сондықтан бюджет саясатын нақты өзгертуіміз керек ", - деді ол.
Қорыта келе, ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы ауылдың жер ресурсын тиімді пайдалану қажет екенін айтты. Әр ауыл өз шикізатын өндіруге мамандандырылуы керек. Сондай-ақ, ауылда өндірілеген затты сатуға мүмкіндік жасауды ұсынды.