$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақфильм» киностудиясы банкрот болудың алдында тұр»: киногерлер Тоқаевқа көмек сұрап, хат жазды

Бұл істің артында ықпалды адамдар тұр.
Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

«Қазақфильм» киностудиясы төңірегінде дау толастар емес. Асанәлі Әшімов, Сатыбалды Нарымбетов, Нұржұман Ықтымбаев бастаған киногерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына тағы да ашық хат жазып, «құрдымға кетейін» деп тұрған қарашаңырақты құтқаруды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Осымен екінші рет Мемлекет басшысына жолданған хатқа кинорежиссерлер, халық артистері мен бір топ қоғам қайраткері қол қойған. Олар осыдан төрт ай бұрынғы шағымға әлі жауап келмегенін, қаржы тендер арқылы «мағынасыз» арзан туындыларға жұмсалып жатқанын жазған.

Azattyq Rýhy тілшісі шығармашылықты қойып, дау-дамаймен жүрген киногерлердің пікірін тыңдап көрді. Киногерлердің басты талабы: үстінен тергеу жүріп, істі болып жатса да «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КАҚ әлі басшылық етіп отырған Гүлнәр Сәрсенованы лауазымынан аластату және мемлекеттен бөлінген қаржыны ұлттық киноөндірісіне бағыттау.

«ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ҰЛТҚА ҚАТЫСЫ ЖОҚ ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛДАП КЕЛЕДІ…»

«Гүлнар Сәрсенова (Ұлттық киноны қолдау орталығының төрағасы – авт.) жауапкершілігі жоғары қызметке тағайындалмауы керек. Ол – бизнес-леди. Мемлекеттік орынға ақшалы адамдарды, олигархтарды қойса, олар алдымен қалтасын ойлайды. «Қазақфильмге» толықметражды киноларға қаржы бөлінбей отыр, небәрі бір ғана фильмге ақша бөлінді. Сосын 4-5 мультфильм және екі деректі туынды ғана бар. Орталық қаржының көбін тендер арқылы тәрбиелік мағынасы төмен, тек уақытша ақша табуға арналған жеке продакшндарға жіберіп жатыр. Бұл – сұмдық! Басты талабымыз – Гүлнар Сәрсенованы қызметінен кетіру», - деді белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ – Қазақстандағы негізгі киноалаң. Ол өндіріспен және көркем фильмдердің, деректі және анимациялық фильмдердің пост-продукциясымен айналысады. Алайда кинодағы қырқыстың тоқтамауынан өмірін осы салаға арнаған қайраткерлер жұмыссыз қалған. Айтуыларынша, құрылған орталық қазаққа қатысы жоқ сырттағы режиссерлерге ақша шығындап жатыр. Есесіне, қазақтың басынан өткен түрлі тарихи оқиғаларға бағытталған немесе тәлімдік мағынадағы туындылар жоқтың қасы. Биыл актер Нұрлан Санжардың бір ғана толықметражды «Өліара» фильмінің бюджеті бекітілген.

«Бізге Ұлттық киноны қолдау орталығының жетекшісі «Кино түсірмеңдер, қой бағыңдар» деген болатын, бірақ бізде қой алатын ақша жоқ. Қазір 80 мың теңге зейнетақыға қарап, үйде отырмыз. Сценарий жазғандай боламыз. Киностудияның болашағы қалай болатынын білмеймін.

«Ұлттық киноны дамыту» деген арнайы мемлекеттік бағдарлама бар. Бірақ барлық құқықты, жобаларды мына орталыққа лақтыра салды да, енді, міне, ақша адам ұялатын, арзан коммерциялық түсірілімдерге кетіп жатыр. Ұлттық кино құрып барады.

Менің «Өліара» фильміме венгерлер жарты миллион еуро бөлсе, немістер де қаржы шығаратынын айтып, уәде берді. Отызыншы жылдардағы аштық туралы бұл киноға Қазақстан 38 миллион теңге ғана ақша бөлмек, бал ұл өте аз қаржы. Сәрсенова ақша бермейтінін айтты. Ал Ақан Сатаев «Қасым хан» телесериалын түсіруге 4,5 миллиард теңге жұмсамақ. Бұл не деген сұмдық?!

Басқа қазақ сценаристерінің жобалары өтпеді. Өйткені Сәрсенова басқаратын орталықта қазақша туындылардың сценариін түсінетін кәсіби редактор жоқ. Барлық қаржы коммерцияға бағытталған. Құрылған орталықтың атының өзі «ұлттық» деп тұр. Бірақ қазір ресейлік режиссердің бастамасымен татарлар туралы фильм түсірмек. Сонда қаржы қазақтан шығады да, фильм татарлар туралы тақырыпта бол ма? Мұны қалай түсінуге болады?!» - деді актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжар.

«ҚАЗАҚФИЛЬМДІ» ҚОЛДАН БАНКРОТҚА ҰШЫРАТЫП, ОРНЫНА ҚОНАҚҮЙЛЕР САЛАДЫ…

Киноны қойып, кітап жазуға көшкен қайраткер кинодағы қырқыстың тым ұзаққа созылып кеткенін айтады. Жікке бөлінген текетірестен талантты жастар тапсырыссыз қалса, халық қазынасынан қарастырылған қаржы қажетсіз түсірілімдерге беріліп жатыр. Қайта-қайта хат жазудан жалықпаған киногерлер «Бұл мәселелер тек отандық кино саласына ғана емес, бүкіл қазақ мәдениетіне қатысты болғандықтан, Президенттің өзі араласуы керек» деп санайды.

«Қазақфильм» қазіргі сәтте жылдық жоспарды орындай алмай отыр. Киностудияның жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмай қалды. Бұл дегеніңіз, «Қазақфильм» банкротқа ұшырайды да, орнына қымбат ғимараттар салынады деген сөз. Біз содан қорқып жатырмыз. Бізден алып алған жерлерге қонақүй салайын деп жатыр. Әдемі жер, жолдың бойы, ыңғайлы. Бұл істің артында ықпалды адамдар тұр. Болашақта «Қазақфильм» киностудиясы жоғалып кете ме деп қорқамыз», - деді Н. Санжар.   

Ал режиссер С. Нарымбетовтың ойынша, «Қазақфильм» киностудиясына өрт қасақана қойылған. Әлі де кино түсіруге жарамды декорацияны жоқ қылу арқылы белгісіз түлғалар істі ушықтырып отыр. Кинодраматург қазіргі жүріп жатқан ойындардың түпкі мақсаты – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын банкротқа ұшырату деп санайды. Себебі, әл-Фараби даңғылының бойындағы қымбат жерлерді иемденгісі келетін дөкейлер аз емес. Тіптен, қазірдің өзінде қонақүй салу туралы келісімдер басталып кеткен. Киногерлердің Президентке жазған алғашқы хатына әлі жауап келмеген. Бірақ, Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова мен Мемлекеттік хатшы Қ. Көшербаев жуырда арнайы келіп, жабық жағдайда жиын өткізген.

УЛЬТИМАТУМ: ГҮЛНАР СӘРСЕНОВА ОРНЫНАН КЕТПЕСЕ, КИНЕМАТОГРАФИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ ПЛЕНУМЫ ӨТЕДІ

«Келесі аптада Қ. Көшербаев Президентке кірем, айтқандарыңды толық жеткізем деп уәде берді. Енді мемлекеттік хатшының сөзіне сенеміз, жауабын күтеміз. Егер олардан жауап болмаса, Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысын ауыстырмаса, онда біз, киногерлер,  арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан кинематографистер одағының пленумын жариялаймыз. Бәріміздің бұлайша айғайлауымыз қара бастың қамы емес, қарашаңырақ – «Қазақфильм» киностудиясының тағдыры шешілгелі тұр. Егер осылай жылына бір рет қана толықметражды киноға ақша беріп, қаржыны қысқарта берсе, екі-үш жылдан кейін «Қазақфильм» өзін-өзі асырай алмайды» деген сылтаумен банкрот болады»,- дейді С. Нарымбетов.

Кинодраматург сондай-ақ, «Екі  мыңыншы жылдары ғимараттарды меншіктегендей, киностудия да, ондағы жерлер де тиынға сатылып кетуі мүмкін» деп қауіптенетінін айтты.

«Дөкейлер бұл жерге жиырма жылдан бері қызығып келеді. Ондай жағдайларды екі-үш рет тойтарғанбыз. Енді ақыры соларға сатып тынбақшы. Қазір мына болып жатқан ойындар соған әкеле жатыр. «Қазақфильмді» банкротқа ұшыратудың алғашқы әдістері жүріп жатыр. Қазірдің өзінде қонақүй салу туралы келісім жүріп жатыр. Жаздағы өрт бізді Ақан Сатаевпен шағыстыру үшін әдейі қойылған», - деді Сатыбалды Нарымбетов.

«Менің де қауіптенетінім осы, киностудия жойылып кетуі мүмкін. Проблема көп. Шешілуі тиіс жұмыстар Президенттің атына жазылған хатта айтылған, нәтижесін күтейік», - деді кинорежиссер Абай Қарпықов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары