22.06.2016, 05:19

Нұрлан Нығматулин Мәжіліс спикері болып сайланды

Кешеге дейін ҚР Президенті әкімшілігін басқарып келген Нұрлан Нығматулиннің Мәжіліс депутаты атанғаны белгілі. Енді бүгін төменгі палатаның депутаттары оны өздеріне төраға етіп сайлап алды. Мәжіліске бұған дейін спикер болып келген Бақтықожа Ізмұхамбетов болса кеше өз еркімен отставкаға кеткен болатын.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы бірқатар ауыс-түйістер жасаған болатын. Мәжіліске кеткен Нұрлан Нығматулиннің орнына Астана әкімі болған Әділбек Жақсыбеков тағайындалса, елордаға әкім болып Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев келді. Ал, оның орнын орынбасары болған Жеңіс Қасымбек басып отыр.

Нұрлан Нығматулин бұған дейін де Парламент Мәжілісіне спикер болғандығын айта кету керек. 2012 жылдың қаңтарынан 2014 жылдың сәуіріне дейін ол төменгі палатаға төрағалық еткен. Бүгінгі құпия дауыс беру барысында 102 депутаттың барлығы оның кандидатурасын қолдады.