Кеше Премьер-министр өзінің Twitter желісіндегі аккаунты арқылы #25летНезависимости хэштегін іске қосқан болатын. Яғни, ол желі пайдаланушыларын осы хэштегпен Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістіктерін тізбектеуге шақырды. Алайда, нәтижесі Мәсімов күткендей болды деп айту қиын. Көпшілік жетістіктерден көрі кемшіліктерді, олқылықтарды жазуда.
Мәселен, Azhar Taizhan есімді Твиттер қолданушысы соңғы 25 жылда мұнайлы елдің тақыр кедейлікте өмір сүретініне көз жеткізгенін жазса, Ерлан Тажибаев тәуелсіздік жылдары бір премьердің миллиардтаған қаражатпен елден қашқанын, екіншісінің 10 жылға қамалғанын және үшіншісінің керемет хэштег ойлап тапқанын мысқылмен жеткізді. Сонымен қатар, Твиттер қолданушылары 25 жылда Қазақстанда ешқандай өнім шығармаған зауыттар, ашылуынан жабылуы тез болған кәсіпорындар жайлы, тіпті, ширек ғасырда бір президенттен өзге президент таңдай алмағанымыз жайында жазып жатыр.
Бүтін бір елдің үкіметін басқарып отырған Мәсімовтің бұл белсенділігін түсіне алмадық. Әлеуметтік желідегі жұрттың көңіл-күйі белгілі: елде экономикалық дағдарыс, девальвацияның ауыр салдары, халықтың зейнетақыға деп жылдар бойы жинаған қаражатының ЭКСПО құрылысына жұмсалуы, баспана проблемасының өршуі - мұның бәрі қазір халықтың ызасын тудырып отырғаны сөзсіз. Ал, осындай көңіл-күйде отырған жұртқа жетістіктер жайлы айту премьердің мазағы ма, әлде өзге бір мақсаты болды ма, ол жағын түсінбедік.