$ 447.4  477.55  4.76

Бердібек Сапарбаев алып-қашпа әңгімелерден соң демалыстан ерте оралды

Бірнеше күннен бері ақтөбеліктер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты "шаммен" іздеп жүр. Он күннен астам уақыт жұмысқа шықпаған өңір басшысын біреулер "орнынан алып тастапты" деп жорыса, өзгелері "денсаулығы сыр беріпті" деп уайымдап жүр. Алайда, Сапарбаев мырза сап-сау екен, тек 2 аптаға тиісті еңбек демалысын алып, күйбелең тірліктен біраз қол үзген көрінеді. Тұрғындар арасындағы осынау алып-қашпа әңгімелер оның да құлағына жетсе керек, бүгін әкім демалысын уақытынан бұрын аяқтап, жұмысқа шықты.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Бердібек Мәшбекұлы 1 тамыздан бастап қысқамерзімді кезекті еңбек демалысына шыққан. Қызметіне ол 15 тамыздан бастап кірісуі тиіс болатын. Алайда, облыс тұрғындарының "уайымын" сейілту үшін әкім бүгіннен бастап кеңсесіне оралған көрінеді.

"Бүгін Бердібек Сапарбаев жұмысқа шығып, бірнеше кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Әкім 1-14 тамыз күндері аралығында қысқамерзімді демалыста. Ресми түрде ол қызметке 15 тамыздан бастап кірісуі тиіс еді, бірақ, мерзімінен бұрын кірісіп кетті", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Дегенмен, әкімдік өкілдері Сапарбаевтың нақты не үшін мерзімінен бұрын жұмысқа кіріскенін айтқан жоқ.

Еске салайық, Ақтөбе тұрғындарын облыс әкімінің ұзақ уақыт бойы жұмысқа шықпауы алаңдатқан еді. Кадрлық ауыс-түйістерді оның орынбасары әрі әкімнің міндетін уақытша атқарушы Асқар Шериязданов жасай бастағанда халық тіпті "сары уайымға салынды".

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары