Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Түркия астанасына ресми сапармен барған болатын. Онда Мемлекет басшысы Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылайды деп жазады Ақорданың ресми сайты.
Айта кету керек, Түркияда шілдеде орын алған төңкеріс әрекетінен кейін елге ең алғашқы ресми сапармен Қазақстан президенті келіп отыр.
Milliyet басылымының хабарлауынша, екі ел басшысы өңірлік мәселелерді, серіктестік жайын және қазақ-түрік лицейлерінің алдағы тағдыры туралы ақылдасатын болады. Бұған дейін ресми Анкара аталған білім ордаларының Түркия билігіне еш қатысы жоқ екенін айтып, оларды жауып тастауға кеңес берген еді.
Түркияның Қазақстандағы төтенше және уәкілетті елшісі Невзат Ұяныктың айтуынша, қазақ-түрік лицейлері АҚШ-тан пана тапқан түрік діндары Фетхулла Гүленге бағынышты көрінеді. Ал, Гүленді Түркия үкіметі кешегі төңкерістерді ұйымдастырды деп айыптап отыр. Бірақ, Қазақстандағы лицейлерге жауапты Katev қоры Гүленге қатысымыз жоқ деп, ат тондарын ала қашуда.