Соңғы кездері елдегі жемқорлық мәселесін ауыздықтау үшін мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру керек деген әңгімелер айтылып келеді. Жақында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету үшін салық қызметкерлерінің жалақысын көбейтіп, бірыңғай форма кигізу керек деген ұсыныс жасады. Алайда кейбір сарапшылар жалақыны көтеру парақорлық мәселесін шеше алмайтынын айтады. Ол үшін жауапкершілік пен заңды күшейту керек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қоғам белсендісі әрі қаржы саласының маманы Сәбит Рысбаевтың ойынша, мәселе айлықта емес заңсыздықта. Оның айтуынша, заңды күшейтпейінше, жемқорлықты ауыздықтау мүмкін емес.
«Аудандық соттар 400-500 мың теңге, облыстық соттар 600-700 мың теңге, жоғары соттар 800-900 мың теңге алады. Еліміздегі орташа ресми айлық 203 000 теңге екенін ескерсек соттар олардан әлде қайда көп алатынын көрдік. Бірақ әлі күнге дейін соттар пара алумен ұсталып қалады. Көбісі айлықты теңгемен емес доллармен алатын адам сияқты өмір сүреді. Мемлекет күштік құрылымдық органдарда істейтіндердің пәтерақысын төлейді. Басқа көптеген жәй смертниктерге қарағанда артықшылық беріп қойған. Сонда да олар да пара алуда. Пара алмасын деп айлығын көтерсе де қояр емес. Бұл не ауру қоғам ба?» , - деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.
Сондай-ақ ол мәселенің айлықта емес екенін, заңды күшейтпейінше, жемқорлықты ауыздықтау мүмкін емес екенін айтқан.
«Көргеніміздей айлықты көтеру парақорлықты түбегейлі шешпейді екен. Біздегі мәселе айлықта емес заңсыздықта. Заң бәріне бірдей емес. Әділдік жоқ. Миллион долларлап пара алған адамнан тауық ұрлағандар ауыр жаза алады. Үлкен шенеуіктер миллиардтап ұрласа да сотта елбасынан кешірім сұрайды. Неге? Заң алдында бәрі бірдей емес пе? Ошым заңсыздық жалғаса берсе парақорлық та өлмейді. Сіз болып, біз болып ары қарай доллармен пара алатындарды тамашалап отыра береміз. Заңсыздық ең алдымен заңсыз сайлаудан басталады» , - дейді жазба авторы.