Еуразиялық одақ капиталымызды күреп әкетіп жатыр
Қазақстан 2015-2020 жылдардың ішінде ЕАЭО аясындағы саудадан 44 млрд теңге жоғалтқан. Бұл шамамен 2020 жылғы жалпы ішкі өнімнің (180 млрд доллар) төрттен бір бөлігі деген сөз. Одан да қарапайымдап айтсақ, Әзербайжанның мемлекеттік мұнай қорында 20 жыл бойы жиналған активтердің құнына тең, деп жазады Inbusiness.kz арнасы.
Inbusiness.kz осы тендецияның себептеріне үңілу үшін жауапты мамандар мен сарапшылады әңгімеге тартып көрген.
Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтындағы мәліметке сенсек, 2015-2020 жылдар аралығында одаққа кіретін 4 мемлекетке Қазақстан 31 млрд 732 млн 400 мың доллардың тауарын өткізген. Ал Қазақстанға аталмыш елдерден 75 млрд 681 млн 700 мың доллардың импорты кірген. Одақтың кімге кіріс, кімге шығын әкеліп жатқанын осы сандар-ақ айтып тұр. Ресей одақ құрылғалы табысын еселеп қана отыр. Бес жылдың ішінде 199 млрд 27 млн 800 мың теңгенің өнімін одақтастарына өткізіп, олардан 104 млрд 145 млн теңгенің тауарын сатып алған. Оң сальдо – 94 млрд 882 млн 800 мың доллар! Ресейді қойып, Беларустың жағдайы да бізден әлдеқайда жақсы. Жалпы ішкі өнімі бізден үш есе, халқының саны екі есе кем бола тұрып, ЕАЭО аясында 5 жылдың ішінде 77 млрд 289 млн доллардың өнімін сатқан. Импорт көлемі 111,9 млрд доллардан асады. Теріс сальдо – 34,6 млрд доллар.
Ресей төңірегіндегі ынтымаққа елтушілер Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан өнеркәсібін әртарапты дамытып, 180 млн адамдық нарықтың есігін айқара ашты деген идеология жүргізіп келеді. Бірақ әзірге соған қарамай-қайшы тенденцияларды ғана көріп отырмыз.
Мұның бір ұшығын Ресей мен Қазақстан экономикасының ұқсастығынан табуға болады. Екі ел де шикізат экспортына, соның ішінде мұнай мен металл сатуға арқа сүйеп күнелтіп келеді. Яғни, біз одақтағы ең алпауыт нарыққа ең өтімді тауарымызды тиімді бағамен сата алмаймыз деген сөз. Осыдан 2 жыл бұрын Беларусқа мұнай сатсақ деген талпынысымыз түсініксіз жағдайда аяқсыз қалғаны және бар. Бұл сырт көзге айқын көрінетін беткі кедергілер ғана. Ал ішіне үңіліп қараған адамға құжатқа қатталмаса да, пәрмені мықты сан түрлі тосқауылдар жетерлік.
Тарихи тәуелділік
Одақтың ішіндегі қатынастарды реттеп отыратын Еуразиялық экономикалық комиссия деген ұйым бар. Қағаздағы мәртебесі бойынша Үкіметтердің үстінен қарауға құзыры бар. Сол комиссияның өкілдері Қазақстанның мұндай жағдайда қалуына тарих кінәлі деген уәж айтып отыр. Inbusiness.kz аталмыш проблема туралы Еуразиялық экономикалық кеңестің алқа төрағасына сауал жолдап, Ресейдің осынша басымдыққа ие болып отыруының себебін сұраған. Михаил Мясниковичтің көмекшісі Ия Малкинадан мынадай жауап алдық. «Бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек. Жалпы Қазақстанның сыртқы саудасында оң сальдо бар. ЕАЭО-дан тыс елдермен саудада экспорт көлемі импорттан айтарлықтай жоғары. Ал ЕАЭО елдерімен саудадағы теріс сальдо бірінші кезекте Ресей Фередациясымен сауда-саттық салдарынан туындап отыр.
Одақтағы өзге елдердің де Ресеймен сауда қатынасында осыған ұқсас теріс сальдо қордаланған. Одақ ішінде елдер тауар жеткізу бойынша шектеу көріп отырған жоқ. Әр ел не сататынын, қандай көлемде сататынын өзі біледі. Қазіргі сауда-саттық құрылымы одақ елдерінің өнеркәсібінде тарихи қалыптасқан сауда-саттық және кооперациялық байланыстардың айнасы іспеттес», - дейді ЕЭК өкілі. Ия Малкинаның дерегіне сенсек, 2019 жылы Қазақстанның өзара саудадағы үлесі 11,5 % болған.
«Салыстырып қарасақ, өзге интеграциялық бірлестіктердегі үлес бұдан жоғары. Еуропалық одақта – 58,8%, ASEAN -да – 23,4%. Біздің пікірімізше, бұл кезеңдегі басты міндет – өнеркәсіп тауарларының саудасын әртараптандырып, ЕАЭО елдерінің өзара сауда-саттығын Ресеймен шектемей, өзге одақтас елдер арасында дамыту», - дейді маман.
Тиімсіз сауда тәуелсіздіктен айыруы мүмкін
Ал қазақстандық экономист Мақсат Халық сауда-саттықтағы теріс сальдо түбі тәуелсіздіктен айыруы мүмкін екенін айтады.
«Одақтың құрылғанына биыл 6 жыл болады. Бұл уақыт кез келген одақтың жұмысына толық талдау жасап, баға беруге жетеді. Расымен де бес жылдағы импортымыз экспорттан екі есе көп. Арадағы айырмашылықы – 44 млрд доллар. Бұл төлем балансының теріс сальдосы осынша деңгейде деген сөз. Мұндай баланс экономика үшін жақсы емес. Өйткені елден капитал кетіп жатыр.
Теріс сальдо ұзақ жылдарға жалғасса, ұлттық валюта құнсыздана түседі. Бұлай кете берсе, елдің ішкі алтын қоры азайып, валютаны ұстап тұратындай мүмкіндік қалмайды. Теріс сальдо халықтың өмір сүру сапасын төмендетеді. Бұл ішкі өндірісті нашарлатып, жұмыссыздықты көбейтеді. Импортқа тәуелділік елдегі зауыт-фабрикалардың жабылуына, кедейліктің өршуіне әкеп соқтырады.
Түбі тәуелсіздігімізден айырылып қалуымыз мүмкін», - дейді сарапшы. Ғалым 44 млрд доллар айырмашылықты сауданың теріс сальдосы деп қана қарамай, 5 жылда жоғалтқан капитал деп бағалау керектігін ескертті. «ЕАЭО құрылғанға дейін де біз Кедендік одақта болдық. Қарап отырсақ, алтын валюта резервіміз қатты жоғалған кез 2014-2015 жылдар екен. Сол кезде теңгемізді долларға шаққанда 190 қылып ұстап тұрдық. Кейін 2015 жылдың 21 тамызында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев теңге бағамын ұстап тұру үшін 28 млрд доллар жұмсалғанын мойындап, төл валютаны «еркін айналымға» жіберді.
Алтын валюта резервінің есебінен теңгемізді ұстап тұрған кезде не болды? Ресей рублі санкциялардың әсерінен 2,5 теңгеге дейін құнсызданды. Қаншама азаматтарымыз сол жақтан заңды-заңсыз жолдармен көлік тасыды! Көлік қана емес тіршілікке қажет тауардың бәрі бізден әлдеқайда арзан болды да, нарығымызды түгел басып қалды. Яғни, Қазақстаннан Ресейге орасан мөлшерде капитал ағыны болды. Көптеген азаматтар Мәскеу мемлекеттік уинверситетіне балаларын түсіріп жатты. Өйткені ҚазМУ-ден МГУ-дің оқыту бағасы арзан болып қалды.
Мәскеуден пәтер сатып алғандар да көп кездесті. Бір сөзбен айтсақ, сол кездегі санкцияның зардабынан Ресей экономикасын біз алтын резерв қорымыз арқылы сақтап қалдық деуге толық негіз бар. Әрине тікелей емес, теңге бағамын ұстап тұру арқылы, азын-аулақ ақшасын ала салып Ресейге жүгірген әрбір азаматымыздың әрекеті арқылы санкциялардың әсерін барынша жеңілдеттік.
Осының бәрін сараптайтын болсақ, расымен де біздің шенділер, соның ішінде ЕЭК құрамына кіретін өкілдеріміз елдің мүддесін қорғай алатын дәрежедегі адамдар ма деген сұрақ мені күмәндандырады.
Өйткені ЕЭК қабылдаған шешімдер біздің бизнеске кері әсерін тигізе береді», - дейді маман.
Ұлттық стандарт болмаса, ұтыла береміз
Одақтас елдердің арасында әділетсіз сауда қатынасы қалыптасқанына өзіміздің де кінәміз бар көрінеді. Ресейдің өз нарығын өлермендене қорғауы да шектен шығып отыр. «Біз неге ЕАЭО-ға аз сатып, көп сатып аламыз? Сонда біздің кәсіпкерлеріміз бәсекеге қабілетсіз бе? Рас, бізде әлі де іскерлік орта толық қалыптасып болған жоқ. Бірақ мықтылары да бар ғой. Бұл жерде Ресейдің протекционистік саясаты үлкен рөл ойнайды.
Мысалы, былтыр қазақстандық қызанақтарды «вирус бар» деген сылтаумен кіргізбей қойды. Бұл тіпті ЕЭК-тің нормативтік шешімдеріне де қайшы келетін әрекет», - дейді ғалым. Мақсат Халық протекционистік саясатқа қарсы сауатты жауап қатуға болатынын айтады. Ол үшін ұлттық стандарттарды табанды қорғау қажет.
«Қазақстандық тауарлар стандартқа сәйкес келмейді» деген сияқты сылтаулар жиі айтылады. Ал Ресей тауарларының бізге кіруі оңай. Бұған белгілі дәрежеде отандық стандарттау және сертификаттау институтының дамымай отырғаны да себеп болуы мүмкін. Өйткені алғаш одақ құру туралы келісім жасалған кезде Ресей жағы стандарттау талаптары бойынша қалың құжатпен келгенде, біздің тарап 4-5 қағазбен барға салған дейтін әңгіме бар. Сонда олар өздерінің халқы тұтынатын тауарларға өте үлкен стандарттар қояды. Ал біз жарытып талап та қоя алмағанбыз. ЕАЭО интеграциясы жалғаса беретін болса, осы мәселелерді тереңдетіп көтеру керек. Мысалы, ет импортын алайық. Қазақстандық стандарт бойынша Ресей мен Беларустан келетін еттің құрамында жусан мен дермененің элементтері болуы керек деген талап қоя аламыз. Бұл «қызанақтарыңда вирус бар» деген сияқты жасанды кедергілерге қарағанда әлдеқайда сауатты талап. Одақ аясында иық тірестіріп сауда жасауды өз басым осылай көрем», - дейді экономист.
Құн салығының құпиясы
«Біздің кәсіпкерлерді одақ аясында бәсекеге қабілетсіз етіп тұрған тағы бір фактор – екі елдегі қосылған құн салығының екі түрлі мөлшерде болуы. Ресейде – 20 пайыз, бізде – 12 пайыз. Арада 8 пайыз айырмашылық бар. Демек, Ресей тауарлары біздің тауарларға қарағанда 8 пайыз бәсекеге жоғары болып көрінеді. Осындай да мәселе бар. Қаржы министрлігі қосылған құн салығын 16 пайызға көтеруді ұсынып жатыр. Бірақ нарық оған дайын болмай тұр. Коронадағдарыстың салдарынан бизнес мүлдем әлсіреп тұр. Былайша айтсақ, соңғы ресурстарын пайдаланып, қарыз алып жатқандар көп. Ал енді оларға салықты көтеріп жіберсек, жабылып тынады. Яғни, дәл қазір салықты көтеретін кез емес», - деп түйіндеді сарапшы. Биыл Қазақстан ЕАЭО-да төрағалық етіп отыр. Қолымызда шынымен де құзырет тұрған болса, соны пайдаланып отандық сарапшылардың осындай оңды ұсыныстарын іске асырудың таптырмас мүмкіндігі бұл. Ал егер орайды пайдаланбасақ, Еуразиялық ынтымақ ыңыршағымызды шығарып бітіретін түрі бар.