Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алғыс айту күнінде ұстаздарға алғыс айтып, facebook-тегі парақшасында жазба қалдырды.
"Бүгін – Алғыс айту күні. Сіздерді мейірімділік, жақсылық, достық пен ізгіліктің символына айналған мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Педагог-әріптестеріме пандемия мен карантиндік шектеулер жағдайында кәсібилік танытып, қажырлы еңбек еткені үшін ерекше алғысымды білдіремін. Мұғалімдер уақыттың жаңа сын-қатерлерін еңсеру үшін табандылық танытты. Сынақтардың арқасында мықты бола түстік", - деді ол.
Министр ұстаздарға өз ісіне деген сүйіспеншілік пен балаларға деген шексіз махаббаты үшін алғыс айтты.
"Осынау қиын кезеңде қолдау көрсетіп, түсіністік танытқаны үшін оқушыларымыз бен студенттеріміздің ата-аналарына алғысым шексіз. Біздің балаларымыз талантты әрі ақылды. Олар – еліміздің болашағы. Біз балалардың сапалы білім алып, Қазақстанның лайықты азаматтары болып өсуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке және толағай табыстар тілеймін", - деді Аймағамбетов.