Саясат 19.03.2021 сағат 14:20

Ел Президенті Тоқаевтың екі жылы қалай өтті?

Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!
Ел Президенті Тоқаевтың екі жылы қалай өтті?
Фото: kazus.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Бүгін, яғни 19 наурыз  Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми түрде президенттік мансабына кіріскеніне екі жыл толды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

2019 жылдың наурыз айының 19-ншы жұлдызында Қазақ елін отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, ел басқару тізгінін саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа табысталған еді. 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев заңды түрде ел президенті болып сайланды. Маусым айының 12-сі күні Тоқаев ант қабылдап, ресми түрде президент қызметіне кірісті.

Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның ендігі жолы басқаша болатынын, әлемдік қауымдастық алдындағы алған міндеттемелері мен ұстанымдарынан таймайтынын атап өтті. «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!», - дегені белгілі.

Әрине осы екі жылдың ішінде Қ.Тоқаев бұл сөзінің рас екендігін дәлелдеп, ішкі және сыртқы саясат шеңберінде бірқатар тың қадамдарға барып, ел экономикасы мен ұлт болашағының дамуы мен өрістеуіне сеп болатын үлкен бастамалар көтеріп, нақты шешімдер қабылдап үлгерді. Алдымен еліміздің бас газеті Егемен Қазақстан басылымында азат елдің өткені мен бүгінін саралаған сонымен қатар ертеңгі даму жолын айқындап берген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарлама-мақаласын жариялады. Әрқайсысы қырық нарға жүк боларлық міндет көтерген төрт бөлімнен тұратын мақаласында азат елдің отыз жылда қол жеткізген жетістіктері мен кемшіліктері сараланып, келер күннің жоспары мен болашағы сөз етіледі. Осылайша, өзінің нақты жоспарын айқындап алған Тоқаев батыл әрі байыпты шешімдер қабылдаумен келе жатыр. Оны отандық қана емес шетелдік сарапшылар да ашық айтып жатыр. 

Мәселен, Әзербайжан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер инстититуының директоры Фархад Маммадовтың айтуынша, Тоқаев барынша бәсекеге қабілетті саяси кеңістік құру ісін жаңа белеске көтеріп отыр. «Президент сайлауының өзі және оған оппозиция өкілдерінің қатысуы, оппозиция кандидатына берілген 1,5 дауыс қоғамда өзгерістер мен реформаға сұраныстың бар екендігін паш етіп отыр», - деп атап өткен ол.

Маммадов мырза сонымен қатар, Мемлекет басшысының мемлекеттік аппаратқа барынша тыңғылықты болу, халықтың ойын еркін жеткізуі мен талабына жағдай жасау секілді бастамалары әлемдік қауымдастық тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырғанын тілге тиек еткен.

Тоқаевтың ең үлкен бастамаларының бірі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру идеясы екені даусыз. Жоғарыда сөз етілген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз. 

Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», - деп жазған болатын. Ұзамай бұл мәселе нақты іске асырылып, халық пен билік арасын жақындататын жаңа институтқа айналды.

Расын айту керек, бұл бастама билік пен халық арасындағы байланысты мүлдем жаңа сатыға көтеріп, қос тарап арасындағы алшақтықты біршама жақындатуға ұмтылған келісім алаңына айналып үлгерді. Құрамына халықтың арасында беделі бар, көзқарасы мен өзіндік пікірі қалыптасқан, елді толғандырған мәселелерді ұдайы көтеріп жүретін азаматтарды тарта білген бұл кеңесте бүгінде жалпы халықты алаңдатқан біршама түйткілді мәселелер талқыланып, заңды тұрғыда шешімін тауып жатыр. 
 

Мәселен, осы кеңесте Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын таныстырды. Бүгінде халық бұл тұжырымдаманың сөз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асып жатқанына куә болып отыр.

«Мемлекет басшысының саяси партиялар үшін Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% - ға дейін төмендету көппартиялықты дамытуға және тұтастай партиялық жүйені одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Саяси реформалардың бірінші пакетінде саяси партияларды тіркеу шегі 50% - ға 40 мыңнан 20 мыңға дейін төмендетілгені есімізде. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсы» бағанын енгізу қоғамды одан әрі демократияландыру процесін, халықтың әр түрлі пікірлерін ескеру көрсеткішін ынталандырады. Бұл туралы таяудағы парламенттік сайлау барысында әртүрлі қоғам өкілдері мен басқа да саяси партиялардың өкілдері айтқан болатын. Соның салдарынан біз іс жүзінде билік пен қоғам арасындағы диалогтың нәтижелерін көріп отырмыз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының іс жүзінде жүзеге асуына куә болудамыз» , - дейді саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов.

Жалпы бүгінге дейін Ұлттық кеңестің ұсынысымен 13 бірдей заң қабылданыпты. Тағы 9 заң жобасы әзірленіп жатқанын айта кету керек. Ел мүддесінен шыққан мұндай игі істердің қатарында тұрғын-үй және экономика саясатын жетілдіру, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім беру ісін дамытып, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін арттыру мәселесі, педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешімдерді айтуға болады.

Сонымен қатар, адам құқығын қорғау, саяси реформаларды жүйелі негізде жүзеге асыру секілді біршама дүниелер қайта қаралып, шешімін тапты деуге болады. Бұл жобалардың ішіндегі ең шоқтығы биік дүниелердің бірі - кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау екені даусыз. 

Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең үлкен ерліктерінің бірі – ұзақ жылдар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан жер мәселесіне нүктенің қойылуы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында, кейіннен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында жер мәселесіне ерекше тоқталып өткені белгілі. «Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек», - деп атап өтті. 

Президенттің бұл шешімін Алаш жұрты өте үлкен қуанышпен қарсы алды деуге болады. Мәселен белгілі ақын, Президент жанындағы ұлттық кеңестің мүшесі Ауыт Мұқибек Тоқаевтың бұл шешімін қазақ тарихында болмаған шешімге балағанын айта кету керек. Президенттің «Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын» - деуі қазақ тарихына алтын әріппен жазылған шешім болып отыр. Әрі осы тапсырманы тез арада орындауды ұйғарды. Жалпы, жұрттың күткені де осы еді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы арқылы қазақ тарихына алтын әріппен жазылған шешім болды», - дейді ол.
 

Президент Тоқаевтың азаматтық бейнесі әсіресе әлем жұртшылығын әуре-сарсаңға салған коронавирус пандемиясы кезінде айрықша байқалды деуге болады. Дер кезінде елде төтенше жағдай жариялап, үлкен қалаларды карантинге жапты. Артынша елдің жағдайы нашарлап кетпеу мақсатында әлеуметтік көмек пакеттерін іске қосты. 

Атап айтар болсақ, осы уақыт аралығында 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліпті. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. 2 миллионға жуық адамның несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Жалпы Қазақстан Президентінің тапсырмасымен құрылған Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия 500-ге жуық маңызды шешімдерді іске асырған. 

Тек пандемия ғана емес Арыстағы алапат апат, еліміздің әр жерінен бой көтерген әртүрлі әлеуметтік наразылықтар, теңгенің құнсыздануы секілді елдің мазасын қашырған жайттардың барлығында да Мемлекет басшысы батыл қадамға бара білді. Сол секілді 2020 жылдың ақпанында болған Қордайдағы қақтығыста да Президент елдің жанынан табылды.

Президент Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында да көп дүниенің қамтылғанын айта керек. Елдегі мемлекеттік бағдарламалар мен шенеуніктер санына тоқталды. Ол елдің көлемді емес, халық түсінетін ықшам мемлекеттік бағдарламаларға көшу керегін ескертіп, шенеуніктер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды. Үнемделген қаражат арқылы қалған қызметкерлердің жалақысы арттырылмақ. 

Тұрғындар үшін жолдаудағы маңызды тапсырмалардың бірі - зейнетақыға қатысты еді. «Менің тапсырмамның аясында тұрғындар зейнетақы жинақтарының бөлігін пайдалану мәселесі қарастырылды. Бұл - қазір өте өзекті. 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», - дегенін айта кету керек.

Сонымен қатар, мұғалімдердің жалақысын көтеру, дәрігерлерге төлемақы ретінде тағы 150 миллиард теңге бөлу және балалы бола алмай жүрген отбасыларға көмектесу мәселесіне тоқталды. Осы мақсатта ол үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырды. Бүгінде президенттің тапсырмасымен ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейтіліп отыр. 

Айтпақшы өз жолдауында Тоқаев елдегі жемқорлықпен күрес мәселесіне де ерекше тоқталған еді. Бүгінде Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес агенттігін құрылып, жемқорлықпен күрес мәселесі жаңа форматқа көшіп жатыр.

Б.НҰРАСЫЛ
 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар