Өткенде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қоғам белсендісі әрі саясаттанушы Санжар Боқаевтың сынына қатысты ресми жауап бергенін жазған едік. Министрліктің ресми жауабында еліміздің машина жасау саласына қатысты деректерге күмән келтірген Боқаевтың сынын жоққа шығаратын фактілер келтірілген. Алайда саясаткер Үкімет басшысы Асқар Маминнің өзіне берген жауабына қанағаттанбайтынын білдірген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Саясаткердің айтуынша, хатта келтірілген деректердің дені жалған фактіге негізделген. Енді 130 зауыттың мекенжайы бойынша ақпарат беруді сот арқылы талап етпек.
«ҚР премьер-министрі А. Маминге
Индустрия министрлігі біз қандай 167 автокөлік моделін өндіреміз деген сұрағыма жауап берді. Министрліктің жауабын қанағаттанарлықсыз деп есептеймін. 40 модельді атап шығу, оның ішінде 20-сын біз өндірмейміз, дайын күйінде алып келеміз, ал 80 модельді камаздардың түрлері, тағы 39 модель автобустар деу, жай ғана өтірікті ақтауға тырысу емес, істің нақты мән-жайын мақсатты түрде жасыру деп есептеймін. Бұл үкімет басшысы ретінде сіздің мұқият тексеру және бағалау жүргізуіңізді талап ететін мәселе.
Біз “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құрып жатқанымызды назарға алуыңызды өтінемін. Сондықтан Министрлік деректерді қайта тексеріп, қателіктер үшін кешірім сұрап, түзетулер енгізуі керек еді деп санаймын. Мұның орнына маған қарсы ақпараттық соғыс жариялады, блокбастерлер түсірді, блогерлер мен телеграм-каналдарды ізіме салды, Нұр-Медиа мен боттарды да осы іске араластырды. Маған жағылған күйе, жабылған жала үшін өкінбеймін. Тек осының бәріне бюджеттің қаражаты жұмсалғаны өкіндіреді.
Министрлерге менің күресім билікпен емес, ел экономикасын осы жағдайға жеткізген өтірікпен, көзбояушылықпен және кәсібисіздікпен күрес екенін түсіндіруіңізді өтінемін. Біз өзімізге шындықты айтып үйренбегенімізше, нақты жағдаятты түсінбейміз, демек дұрыс шешім қабылдап, дами да алмаймыз. Дәл осы себептен ақиқатты іздеп соңына дейін барамын.
Сондай-ақ Министрлік соңғы 10 жыл ішінде 130 жаңа машина құрастыру зауыты қайда салынған деген сауалды да жауапсыз қалдырды, қазақстандық қамту бойынша да жауап берген жоқ. Өйткені Сіздің primeminister.kz сайтыңызда автоөнеркәсіпті оқшаулаудың орташа деңгейі 33%-ды құрайды, жеке модельдер бойынша 50%-дан асады деп көрсетілген.
Егер Инсдустрия министрлігі қателіктерін түзетіп, 15 күн ішінде жауап бермесе, ұлттық ресурстарды заңды және тиімді басқаруды талдау, бағалау және тексеру міндеті жүктелген ҚР Есеп комитетіне жүгінуге мәжбүрмін. Сондай-ақ Бас прокуратураға да жүгінемін, өйткені Есеп комитетінің Ережесіне сәйкес оның міндетіне ҚР Бас прокуратурасымен бірлесіп экономикалық және қаржылық қылмыстарды тергеуді әзірлеу кіреді.
Бәлкім, қоғамның талап ете бастағаны жағымсыз жайт шығар.
Үкімет автокөлік саласын ынталандыру бойынша теңдессіз шараларды қабылдағанын түсіндіремін. Бұл ҚҚС, кәдеге жарату алымы, жеңілдетілген несие және лизинг бағдарламалары, өнім экспортын қолдау шаралары. Мұның бәрі отандық өнеркәсіпті қолдау үшін жасалды, дегенмен шын мәнінде бюджеттен үлкен мафияның қалтасына салынған жүз миллиардтаған теңгенің есептелмеуіне алып келді. Халық Армениядан және басқа да елдерден автокөліктер тасымалдауды жалғастыра берді. Бұл біз 167 автокөлік моделін шығарамыз деп мақтанғанымызбен, шын мәнінде капиталды сыртқа шығару. Егер Индустрия министрлігі біздің аз өнім өндіретінімізді мойындаса, онда неге және кім үшін көп миллиардтық преференциялар жасалғаны туралы сауал туындайтынын түсінемін.
Сөз соңында айтарым, өзім барып қазақстандық қамтуды санап шығу үшін 130 зауыттың мекенжайы бойынша ақпарат беруді сот арқылы талап етемін. Әзірге Үкіметтің барлығын тексеруге, түзетуге және қоғамға ақпаратты жеткізуге мүмкіндігі бар.
Асқар Ұзақбайұлы, Сізден «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қамтамасыз етуіңізді өтінемін. Мен Сіздің қызметтен кетуіңізді сұрамаймын. Сізді немесе Сіздің министрлеріңізді ауыстырғаннан ештеңе өзгермейді. Өйткені дәл сондай адамдар орындарыңызға келеді. Біз құндылықтарды өзгертуге тиіспіз. Өтірікпен, көзбояушылықпен және кәсібисіздікпен күресті бірге жариялайық. Сонда айналадағы нәрсенің барлығы өзгере бастағанын көресіз», - дейді Санжар Боқаев.