Еске салайық, былтыр Мемлекет басшысы бірқатар депутаттардың ұсынысын қолдап, Туды балконға ілуге рұқсат беруді ұсынды.
"Парламенттің бірқатар депутаттары мен патриот азаматтардың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын. Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тиым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет", деп жазды Президент Твиттердегі парақшасында.
Ізінше Премьер-министр Асқар Мамин ғимараттардың қасбеттеріне мемлекеттік туды ілуге рұқсат беретін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұран мәтінін пайдалану (белгілеу, орналастыру) ережелерін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы Қаулысына өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды.
Ереженің төртінші тармағының алғашқы абзацында: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғаларға патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда (тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда), ғимарат ішіндегі пәтер балкондарында және мерекелік іс-шаралар өткізілетін жерлерде пайдалануға (орнатуға) болады» деп көрсетілген.