Алматы облысындағы көшедегі мектеп дәретханаcының сиқы желі қолданушылардың наразылығын туғызды. Әкімдікте жағдайға қатысты түсініктеме берілді, деп хабарлайды Stan.kz.
Дәретхананың жағдайы бейнеленген видеоны Алматы облысының тұрғыны Сандуғаш Дүйсенова жариялады. Желі қолданушысы бұл Панфилов ауданының Қырыққұдық ауылындағы мектеп екенін айтады.
Жарияланған жазбасында ол Білім министріне жүгінді.
«Жаңа дәретханалар салынды, бірақ онда бүлдіршіндерге баруға болмайды. Себебі ауылда су жоқ! Тек жекеменшік мекемелерде ғана бар. Ол тек таңғы 9.00-дан түскі 12.00-ге дейін жіберіледі», – деді Сандуғаш Дүйсенова.
Видеода дәретхананың далада орналасқаны, ағаштан жасалғаны, бірнеше шұңқыры бар екені көрінеді. Желі пайдаланушылары жағдайды барып тұрған қорлық деп бағалады.
Алматы облысы Панфилов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінде болған жағдайға қатысты түсініктеме берілді.
«Мектеп 1985 жылы салынған. 2020 жылы мектеп ішінде 3 миллион 526 мың теңгеге ішкі дәретханалар салынды. Мектеп су орталық жүйеге қосылған. Ауылдағы ауыз су мәселесі бойынша: мектепке күн сайын сағат 10.00-ден 14.00-ге дейін су беріледі. Сонымен қатар сыйымды бір тонналық су қабылдағышы бар. Су мектепте тұтынуға жеткілікті. Ескі дәретханалар министрліктің тапсырмасы бойынша жаңа оқу жылы басталғанша бұзылады», – деді әкімдікте.