Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі елде «үндістандық» штамның болу ықтималдылығын анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық деңгейінің күрт өсуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі КВИ жұқтырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР скринингін өткізді.
Скрининг нәтижелері бойынша, «Дельта» штамына («үнділік» штамм) тән мутацияға күдікті жағдай анықталды.
Мутацияның болуын және оның «Дельта» штамына жататындығын түпкілікті растау ДНҚ үлгілерін толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.
«Дельта» коронавирус штамы аса контагиозды және анықталған штамдарға қарағанда жұқпалылығы 60 пайызға жоғары, қазіргі айналымдағы штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады.
Сонымен қатар, вирусты жұқтырғандар буындар мен іштің қатты ауырсынуын сезінеді, жүрек айнып, лоқсиды, ауру салдарынан адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін және аяқтардың микротромбозына әкеледі.
Соңғы зерттеулер коронавирустың «үндістандық» штамы ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығымен байланысты екенін көрсеткен.
«Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігі әрбір қазақстандықты өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды сұрайды. Инфекциядан қорғану мен ауруханаға жатудан аман қалудың бірден бір жолы COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның толық курсын алу. КВИ-ге қарсы екпе алуға қарсы көрсетілімдері жоқ әрбір азаматқа қысқа мерзімде вакциналануға кеңес береміз», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ вирус таралуының алдын алу мақсатында барлық профилактикалық шараларды қатаң орындау қажет: маска тағу, әлеуметік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету және тағы басқа.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 20 маусымдағы мәліметтері бойынша SARS-CoV-2 "Дельта штамм» әлемнің 174 елінде анықталған.