Шетелдік нөмірлі көліктерге қатысты тағы гу-гу әңгіме тарады. Әсіресе, Армениядан, Қырғыздан, Ресейден әкелінген көліктерді тақымдап жүргендер осы мәселеге алаңдаулы, деп жазады inbusiness.kz.
Өйткені, жақында ғана Мемлекеттік кірістер комитеті «Елімізге уақытша әкелінген көліктерді иелері 30 қыркүйекке дейін елден шығаруы керек», деген хабарлама таратты.
Жүргізушілердің көкейіндегі сауалмен Жамбыл облыстық полиция департаментіне хабарласқанбыз. Бұл дақпырттан олар хабардар болғанымен, мәселеге қатысты ешқандай шара қолдана алмайтын көрінеді. «Рас, қыркүйектің 30-ына дейін заңсыз жүрген шетелдік көліктерді ел аумағынан шығару жөнінде құзырлы орган тарапынан шешім шықты. Алайда, полиция департаменттеріне әзірге қандайда бір шара қолдану құқы берілген жоқ. Жол сақшыларының жұмысы 30-қыркүйектен кейін басталуы мүмкін. Содан соң ғана бейнебақылау камералары, «Ураган», «Аркан» сынды өзге де қондырғыларымызбен заңсыз жүрген көлік иелерін құрықтап, әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары басталады деген ойдамыз», - дейді департамент мамандары.
Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз хабарламасына тоқталсақ, бұл мерзім Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына шетел, яғни үшінші мемлекеттерден уақытша әкелінген автомобильдер мен басқа да көліктерге қатысты. Осы мерзім Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің биылғы 5 сәуірдегі №25 шешімінде көрсетілген.
Бұл шешім одақтың кеден аумағында болу уақытының пандемияға байланысты 18 айға ұзартылған мерзімін тоқтатыпты. «Осыған байланысты одаққа тұрақты тұру үшін көшіп келген шетел азаматтарының, босқындардың, мәжбүрлі түрде көшіп келушілердің одақтың кедендік аумағына баж алымынсыз жеке мүлігін алып келуге қатысты жеңілдік болған.
2021 жылғы 30 қыркүйекке дейін көліктер әкетілмеген жағдайда кедендік төлемдер мен салықтар толық көлемде төленуі тиіс», делінген жазбада. Осы ресми жолдарды Жамбыл облысындағы кедендік бақылау басқармасының басшысы Ардақ Ізбасаровтан тәпсірлеп беруін сұрадық. Оның сөзінше, бұл негізінен үшінші мемлекеттерге, яғни Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден тысқары республикалардан еліміздің аумағына келген көліктерге қатысты шыққан шешім. Аталған одаққа мүше – Ресей, Арменя, Беларусья, Қырғыз елдерінен жеткізілген көліктердің жүргізушілері бұл құжатқа байланысты әзірге алаңдамауларына болады.
Қалған көлік иелеріне көліктерін ел аумағынан шығаруға 30-қыркүйекке дейін мүмкіндік беріліп отыр. «Еуразиялық экономикалық одақтың комиссиясының 47-шешіміне сәйкес, әлем елдеріндегі пандемиялық ахуалға байланысты үшінші мемлекеттерге тиесілі көліктерді Қазақстан аумағынан шығару биылғы 31-наурызға дейін ұзартылған болатын. Одақтың комиссиясы бұл құжатқа тағы өзгеріс енгізіп, карантиндік шараларға орай аталған шектеу шараларын қыркүйек айының аяғына дейін созды.
Ал аталған уақыттан асып кетсе де, ел аумағында пайдалануда жүрген көлік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Содан соң одақ аумағындағы мемлекеттердің шекарасынан мәжбүрлі түрде шығарылады. Егер кедендік рәсімдеймін, көлікті пайдалануды жалғастырамын десе де, өз еркі. Тек тиісті тарифтік құнын төлеп, құжаттарын реттесе болғаны», - деп түсіндірді Ардақ Сәрсенбайұлы. Қазіргі таңда Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған мәліметтерге сүйенсек, елімізге Абхазия, Оңтүстік Осетия Республикаларынан келіп жатқан көліктер бар көрінеді. Олар Кеден одағына мүше мемлекеттердің тауарлары емес.
Сондықтан жергілікті кедендік бақылау басқармасы мен полиция департаменті бірлесіп, ұйымдасқан іс-шараларды қолға алып жатыр екен. Жол сақшылары әлгіндей үшінші мемлекеттерге тиесілі көліктерді көретін болса, тоқтатады, құжаттарын тексереді. Олардың уақытша кедендік шекарадан өту құжаттарының мерзіміне мән береді. «Ал құжаттары дұрыс болмаса немесе Қазақстан азаматы ол көліктерді заңсыз жолмен, алданып сатып алған болса, полиция қызметкерлері оның көлігін айыптұраққа қояды. Іле-шала оның деректері біздің ақпараттық жүйеміз арқылы тексеріледі.
Рәсімдеуден өткен-өтпегендігі, қандай мекеме арқылы өткендігі нақтыланады. Жүргізушінің жалпы сенімгерлік хаты болған жағдайда, біздің мамандарымыз оны тоқтатады. Содан соң біз оған белгілі бір кедендік процедураларды жүзеге асыруға уақыт береміз», - деді жауапты маман. Демек, бұл шешім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден жеткізілген көліктерге әзірге ешқандай қауіп төндірмейді. Десе де, Қазақстан аумағында Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің, әсіресе Армения мен Қырғыз елінен, Ресей Федерациясынан әкелінген көліктердің санында есеп жоқ. Ол көліктердің денінің техникалық ахуалы еліміздегі қолданыстағы көліктерден әлдеқайда жақсы екенін де мойындамасқа амал кем. Сондықтан да өзге елдерден түрлі – заңды, заңсыз жолдармен көлік әкеліп сатушылардың қатары көбеюде.
Жоғарыдағы шешімге қарап, көпшіліктің «Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттерге тиесілі көліктерді сатып ала беруге болады екен ғой» деген ойға қалуы да әбден мүмкін. Кеден саласының маманы бұл сауалға да жауап берді. «Шындығында, болмайды. Онда да шикіліктер бар. Тек қазіргі жағдайда Үкімет қарапайым халыққа қамқорлық танытып, ондай көліктердің қозғалысына рұқсат беріп отыр. Себебі, Армения. Ресей, Қырғыз елдерінен жеткізілген көліктердің қатары тым көп. Кез келген уақытта олардың да жүрісіне шектеу қойылуы әбден мүмкін», - деп түсіндірді Ардақ Сәрсенбайұлы.