$ 448.15  483.46  4.86

Жанболат Мамай мен Инга Иманбайға қатысты сот шешімі шықты

Қаулы заңды күшіне енді.

Апелляциялық сот алқасы Бауыржан Байбектің Жанболат Мамай мен Инга Иманбайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспаөз қызметі хабарлады.

Алматы қалалық сотында Бауыржан Байбектің Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваға қатысты «Талапкердің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні туралы» талап арызы бойынша азаматтық істі қарау аяқталды. Іс жауапкерлердің апелляциялық шағымы бойынша қалады.

Бұған дейін 2021 жылдың сәуір айында YouTube видеохостингіндегі «Демократиялық Қазақстан/Демократический Казахстан» арнасында, сондай-ақ Жанболат Мамай мен Инга Иманбаева Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі өздерінің жеке парақшаларында Бауыржан Байбектің Алматы қаласының әкімі болып жұмыс істеген кезіндегі қызметіне қатысты төрт виедо жарияланды.

«Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық соты биыл 15 маусымдағы шешімімен талапкер Бауыржан Байбек туралы таратылған материалдарды шындыққа сәйкес келмейді және оның ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп таныды. Жанболат Мамай мен Инга Иманбаевақа жарияланған материалдарды жоққа шығару және жою міндеттелді. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі оның заңдылығы мен негізділігіне байланысты өз күшінде қалдырылды. Осылайша апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды», - делінген сот хабарламасында.

Алматы қаласы сотының апелляциялық сот алқасы өз шешімін түсіндіре отырып, сотта жауапкерлер Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваның өз материалдарындағы, соның ішінде әлеуметтік желілерден алынған мәліметтері шындыққа сәйкес келетінін дәлелдей алмағынын айтқан. Сонымен қатар, алқа тараптарға азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермеу керектігін ескерткен.

«Жауапкерлердің жариялаған материалдарында Бауыржан Байбек ауыр қылмыс жасады деп айыпталған. Бұл ретте, жалпы әрбір адам оның қылмыстық әрекеті дәлелденгенге дейін және соттың үкімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады. Жауап берушілер әлеуметтік желілерде жарияланған және дау-дамайға айналған бейнематериалдарды журналистік зерттеу деп санайды. Сот журналистік зерттеудің негізгі мақсаты – шындықты анықтау деп түсіндірді. Кез-келген журналистік зерттеуден бұрын журналист барлық дәлелдерді зерттеп, олардың дұрыстығын, жарамдылығын тексеріп, содан кейін ғана жариялауы керек. Сонымен бірге, аталған бейнематериалдарды жарияламас бұрын жауапкерлердің қолында дәлелдері болмаған», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, сот талқылауы барысында соттың Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваға тиісті дәлелдемелер ұсыну туралы бірнеше мәрте өтініші сол күйі орындалмағаны мәлім болды.

Елімізде әкімнің кез келген қаулысының заңсыздығы немесе жарамсыздығы тек заңды күшіне енген сот актісімен белгіленеді. Бұл тұста талапкер Бауыржан Байбектің әкім болған кезінде қабылданған қаулыларының бірде бірі сот тәртібімен заңсыз, не жарамсыз деп танылмағаны хабарланды.

«Қазақфильм» АҚ жерлеріне келетін болсақ, «Қазақфильм» АҚ-ның арыз-талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы соттың күшіне енген заңды шешімі бар, демек бұл мәселе бойынша жерді беру заңды деп танылды. Сондай-ақ, алқа журналистердің және кез келген бұқаралық ақпарат құралдарының қолында мемлекеттік басқару органдары актілерінің заңсыздығы мен жарамсыздығы туралы заңды күшіне енген тиісті сот актісі болмаса, мәліметтерді растауына жол берілмейтіндігін атап өтті. Қаулы заңды күшіне енді», - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары