$ 494.87  520.65  4.91

Белгілі ғалым Сұлтан Оразалин дүниеден өтті

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Сұлтан Оразалиннің қайтыс болуына байланысты, марқұмның отбасы, туған-туыстарына көңіл айтты.

Белгілі филолог-ғалым Сұлтан Оразалин дүние салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Сұлтан Оразалиннің қайтыс болуына байланысты, марқұмның отбасы, туған-туыстарына көңіл айтты. «Ел руханияты тағы бір тарланынан айырылды. Алаштың ардақтысы, тіл жанашыры, белгілі филолог-ғалым, қазақ радиосы мен телевизиясына ерекше еңбегі сіңген асыл ағамыз Сұлтан Оразалин дүние салды.

Саналы ғұмырын қазақтың әдебиеті мен мәдениетін дәріптеп, туған тілінің тұғырын, ұлтының ұлық мүдделерін ту еткен есіл тұлға артына алты ұрпаққа азық болар шығармашылық үлес пен ғылыми мұра қалдырып кетті. Тәуелсіздіктің таңында тәй-тәй басқан жаңа елдің игілігіне қызметке келіп, жас мемлекеттің ұлттық өрісін кеңейтуге білек сыбана кіріскен Сұлтан ағамыз жылдар өте Үкімет пен Президент жанындағы түрлі алқалардың айнымас мүшесі, ақылман абызына айналды.

Отандық тіл саясаты, өнер мен мәдениет мәселелеріне қатысты құнды ғылыми ізден істері мен кесек ойлы шығармалары өскелең ұрпақтың ілім-біліміне қосылған үлкен мирас еді. Амал қанша… ажалға араша жоқ. Десе де, ұлы тұлғаның осынау ұлық жолы мен өнегесі оның өмірінің рухани жалғасы боп мәңгілікке ел есінде қалады.

Жатқан жеріңіз жарық, иманыңыз берік, топырағыңыз торқа болсын, асыл аға! Осынау қайғыға ортақтасып, марқұмның отбасы, туған-туыстарына көңіл айтамын», - деп жазды Аида Балаева желідегі парақшасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары