$ 494.87  520.65  4.91

«Бұл сыртқы диверсиялық әрекет болуы мүмкін»: сарапшылар Тараздағы жарылысқа қатысты не деп жатыр?

Қорғаныс саласында инфрақұрылымдылық өзгерістер қажет.
Фото: tengrinews.kz
Фото: tengrinews.kz

Тараздағы жарылыс сыртқы күштердің әрекеті болуы мүмкін. Мұндай болжамды заңгер әрі қоғам белсендісі Мұхан Исахан айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Оның айтуынша, елімізде мұндай оқыс оқиға екінші рет қайталанып отыр. Бұл әрине, күдіктенетін жайт.

«Тараздағы жарылыстың себеп-салдарлары

Біріншіден, оқыс оқиға салдыр-салақ сарбаз, самарқау сардардың өз жауапкершілігін дұрыс сезінбеуінен орын алды.

Екіншіден, бұл сыртқы диверсия болуы әбден мүмкін. Өйткені, осымен елімізде мұндай оқыс оқиға екінші рет қайталанып отыр.

Үшіншіден, коррупция қорғаныс саласын да меңдеп алған тәрізді. Себебі, қару-жарақты сақтауға қатысты мемлекет функциясы дұрыс атқарылмай отыр.

Төртіншіден, біздің елде әскери ғылым кенжелеп қалған тәрізді. Әсіресе әскери арсеналдарды сақтауға қатысты ғылыми концепцияны жаңартуымыз керек деп ойлаймын. Бесіншіден, біздегі әскери қоймалардың барлығы Кеңес дәуірінде салынған. Ол кездегі ел тұрғындарының әкімшілік жағдайы қазіргі уақытта біршама өзгеріске ұшырады. Яғни, оқыс оқиғалардан қарапайым халық зардап шекпеуі үшін әскери нысандардың орналасу реттілігін өзгертуіміз керек деп есептеймін.

Алтыншыдан, қалай болғанда да бұл оқыс оқиғаны Құдай-Тағаланың ескертпесі деп қабылдап, одан оң қорытынды шығаруымыз керек. Қорғанысты, төрт қаруды сайлап, кез-келген сын қатерге дайын болуымыз қажет», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Айтпақшы, диверсиялық әрекет болуы мүмкін екенін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров та айтып өткен. Оның айтуынша, Қазақстанды сыртынан «торып жүрген» күштер көп.

«Шыны керек, бүгінде Қазақстанды сыртынан «торып жүрген» күштер көп.

Еліміздің геосаяси жағдайы, адами капиталы, жер асты байлығы көптеген сыртқы күштердің мазасын алатындығы анық. Ауғанстандағы жағдайда біздің еліміздің қауіпсіздігіне тікелей қауіп. Міне, осындай күрделі жағдайда еліміздің қауіпсіздігін қамтамассыз ететін инфрақұрылымға назар аударып, күшейту заңды құбылыс.

Ал бізде не болып жатыр? Екі жылда екі әскери қойма жарылды. Қаншама материалдық-техникалық шығын, адамдардың денсаулығына қандай эмоционалдық-психологиялық травма, қаншама адам жарылыстың салдарынан қазір ауруханаларда жатыр. Сол жақта тұратын азаматтар үшін әлеуметтік стресс!

Қорғаныс министрлігі Арыс жағдайынан кейін қорытынды шығарған ба? деген заңды сұрақ тауады. Бүгін қарап отырсақ, Арыс оқиғасынан кейін Қорғаныс министрлігі қоғам алдында "мынандай шаралар қолданды, мынандай тіршілік істеп жатырмыз" деп есеп те берген жоқ. Сондықтан, еліміздегі барлық техногендік қоймаларды қайтадан инвентаризация жасап, тексеретін, алдында тексеріс жүргізген адамдардың іс-қимылына баға беретін кез келді. Төтенше жағдайлар министрлігі өзінің міндетін толыққанды атқара алмай отыр!

Қорғаныс саласында инфрақұрылымдылық өзгерістер қажет, Қорғаныс министрлігінің шенеуіктері "өзім білеміндікке" салынып, өздерінің жұмысына қоғам өкілдерін кіргізгісі келмейді, ескі сарынмен, "солдафондыпен" жұмыс атқаруды жақсы көреді.

Бұл тенденцияны мен Мәжілісте қорғаныс министрлігінің өкілдерінің жүріс-тұрысынан көріп қалдым. Қорғаныс министрлігінің ішінде структуралық реформа жасау қажет! Министрліктің генералитетінің "корпоративтік тоғышарлығына" тойтарыс беру қажет.

Біздің әскер белгілі бір төтенше жағдай болса, бірінші қимыл жасайтын күш. "Әскер соған дайынба?" деген заңды сұрақ туады... Үкімет шұғыл түрде комиссия құрып, зардап шеккен жанұяларға өтемақы беріп, қираған үй-жай, қора-қопсықты қалыпқа келтіру үшін өтемақы төлеп, азаматтарға денсаулығын түзеу үшін компенсация беру жұмыстарын жасау керек.

Ол азаматтар қыс келгенде далада қалып жүрмесін!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары