Қазақстанда жоғары білімі мен тәжірибесі жоқ жастар қылмысқа барады немесе масыл болады. Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев мемлекеттік "Хабар" арнасындағы "Открытый диалог 2.0" бағдарламасына берген сұхбатында осылай деді.
"Бізде мектеп бітірген соң мемлекеттің назарына ілінбей қалатын жастар бар. Олар мектепті нашар оқығандықтан жоғарғы оқу орнына түсе алмайды. Жоғары білімі, тәжірибесі болмағандықтан оларды жұмысқа алмайды. Олар не істейді? Қылмысқа барады я масыл болады" деді ол 2 қыркүйекте.
Абаев осы сөзді айтардан бір күн бұрын, яғни, 1 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жолдауында елде "әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын" адамдар барын айтып, "масылдықты" сөккен.
"Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек" деген еді Тоқаев. Қазақстан шенеуніктері кейінгі кезде "халық арасындағы масылдық" туралы көп айтып, мемлекеттен әлеуметтік көмек талап еткендерді жиі сынайтын болды.
Мәселен, 2019 жылы тамызда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясының жиынында мемлекет көмегіне иек аратқандарды "масылдық көзқарастан арылуға шақырған". Оның "екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра" деген сөзі қоғам ашуын туғызған. |