Қоғам белсендісі Жанболат Мамай Til Maydani онлайн партиясы Youtube арнасының авторы, азаматтық белсенді Қуат Ахметовтің елден кетуіне қатысты пікір білдірді. Жанболат Мамайдың айтуынша, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен азамат елді тастап қашуға мәжбүр болуы өте ұятты жағдай, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
"Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен азамат елді тастап қашуға мәжбүр болды. Себебі, мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету - біздің елде қылмыс.
Мұндай абсурдты сіз басқа елден көрдіңіз бе? Өзбекстанда өзбек тілінде сөйлеуді талап еткені үшін оны қудалап, елден қашуға мәжбүр болған өзбекті көрдіңіз бе? Ресейде орыс тілінде сөйлегені үшін түрмеге түсетін орыс бар ма? Көрші қырғыздар өз азаматтарын қырғызша сөйлегені үшін қудалай ма? Ондай ақымақтық бірде бір елде жоқ! Қазақстаннан басқа!
Ал бұл кезде мемлекетіміздің тәуелсіздігін жоққа шығарып, елдігін мойындамайтын Жириновский, Никонов пен Федоровтарға Қазақстан билігі қандай шара қолданды? Оларды «персона нон грата» жариялап, бұл оғбағандарды ел аумағына кіргізбейміз деген шешім қабылдады ма? Жоқ! Қазағымызды өз елінен қашыруға бар да, мемлекетімізге алакөзденіп отырған жириновскилерге ешқандай шара қолданбауын қалай түсінуге болады? Әлде бұл билік біздің егемендігімізді саудаға салып жіберді ме?
Енді үндемей отыра алмаймыз!", - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Қуат Ахметов Til Maydani қозғалысының жетекшісі. Ол әртүрлі қоғамдық тамақтану орындарына, дәріханаларға, дүкендерге және мемлекеттік мекемелерге барып, қазақ тілінің қолданысын тексереді.
YouTube желісінде «Til Maydani онлайн партиясы» деген атпен ашылған жобаның қазір 18,5 мыңнан астам жазылушысы бар.
Бүгінде Қуат Ахметов Киевке кетіп қалған. Өзінің айтуынша, мұндай шешім қабылдауына Қазақстан бас прокуратурасының видеоларына қатысты қылмыстық іс қозғауы себеп болған.