$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақты Қытай мен Ресейдің ықпалынан Тұран одағы ғана құтқара алады» - қоғам белсендісі

Қазір де сыртқы қауіпсіздігіміз мәз емес. Қазақстанға қарай территориялық қоқан-лоққы жиілеп барады.

Соңғы күндері БАҚ беттерінде түркі мемлекеттерінің ӘСКЕРИ «ТҰРАН» ОДАҒЫН құру туралы әңгіме көтеріліп жатыр. Аталмыш одақтың құрылуын өз басым қолдаймын. 

Неге, түсіндірейін. Әлі есімізде сонау 90-шы жылдары ядролық қаруы бар Ресей мен АҚШ-тың территориялық тұтастығымызға кепілдік берген тарихи құжаттарын татулықтың, достықтың белгісіндей қабылдадық. 

Соған сенген Украина мен Қазақстан өзінің ядролық оқтұмсықтарын Ресейге өткізді. Бірақ, өмірдің өзі көрсеткендей әр президент әр кезде түрлі саясат жүргізетінін, мұндай міндеттемелердің тұрақсыздығын дәлелдеп берді. 

Мәслен, Ресей Федерациясының 1994-жылғы 5-желтоқсанда қол қойылған Будапешт меморандумын бұзып, Украинаның тәуелсіздігіне, жерінің тұтастығына қол сұға отырып, Қырымды өзіне озбырлықпен қаратып алуы геосаясатта үлкен дүрбелең туғызды. Луганскіге басып кірсе, Грузиядан Абхазия мен Осетияны күшпен анексиялап алды. Бұл жағдайға қарап отырып біз қандай сабақ алуымыз керек? 

Біріншіден, Ресей Федерациясы өзінің империалистік саясатын жүргізу жолында өзі қол қойған кез-келген халықаралық келісімді ойланбастан және қымсынбастан бұза салатынын дәлелдеді. Бүгінде АҚШ үшін де ядролық қару өзінің бітіспес жауларын ноқталап ұстайтын факторға айналды. Өмір өзі көрсеткендей ядролық қаруы бар мемлекеттердің көрші елдерге «қауіпсіздіктеріңе кепілдік беремін» дегендерінің бәр бос сөз болып қалды. Мұны АҚШ-ың түрлі сылтаумен Иранға, Ауғанстанға, Иракқа қарсы жүргізген агрессиясынан, Солтүстік Корея, Сауд Аравиясына, Иранға салған экономиаклық санкциясынан, қоқан-лоққы саяси мәлімдемелерінен-ақ байқауға болады.

Қазір де сыртқы қауіпсіздігіміз мәз емес. Қазақстанға қарай территориялық қоқан-лоққы жиілеп барады. ЛДПР партиясының әрі думадағы фракциясының жетекшісі Владимир Жириновскийдің екі күннің бірінде қойып отырған территориялық мәлімдемелерін қосыңыз. Ол: "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында «Никаких республик в Средней Азии. Среднеазиатский федеральный округ – главный город Верный! Сегодня у него чужое название Алмата – мой родной город. Это придумали Узбекистан, Киргизия, Таджикистан, Туркмения, Казахстан. Среднеазиатский федеральный округ!»дейді. Жириновскидің Ресей Федерациясының империалистік саясатымен үндес келуі біраз жайды аңғартқандай.

Бұған әлеуметтік желілерде жарияланған Қытай Академиялық қоғамдық ғылымының №55007В96 санды құпия жоспарындағы: «...Пропоганда и поддержка переселения в Казахстан и Киргизстан этнических китайцев... Отторгнуть часть территорий Казахстана и Кыргызстана. Стать одной из ведущих держав мира...» деген жолдарды тағы қосыңыз (Казахстан, газета «Республика – 2000» 1 марта 2001 г.).

Осындайдан соң жоғарыдағы ядролық қаруы бар алпауыттарға кім сенеді? Сонымен қатар Қытайдың Таиланд, Вьетнам, Үндістан сияқты елдерге қазірдің өзінде қырғиқабақ көзқарасы басым. Кеше ғана 16 тамызда Қытай мен Үндістан шекарасындағы Ладакх аймағында қарулы ұрыс басталды. Пекин әкімшілігі "Оңтүстік Тибет" деп аталған Үндістанның Аруначал-Прадеш провинциясындағы 90 мың  шаршы километрлік территорияны өздеріне тиесілі екенін алға тартса, Нью-Дели әкімшілігі болса Аксай-Чинді қымтыған 38 мың шаршы километрлік алаңның Қытай тарапынан жаулап алынғанын пайымдауда. Аталмыш территория мәселесі соңғы кездерде екі елдің  шиеленіс түйіні болуда. Көрші Тәжікістанға берер қарызы орнына территориясын сұрауда. Соңғы кездегі Қазақстандағы қытай елшісінің: «Қытай және Қазақстан әскері аймақ тыныштығын қорғап, ел көлемінде түрлі-түсті революцияның орын алуына жол бермейді» - жасаған мәлімдемесі де бекер емес...

Осылардың арасынан біз әрине Қытай қаупіне баса назар аударамыз. Қытай жағы бізге «жабайы нарығын» ұсынып отыр. Қазақтар қытаймен байланыста мына факторларды ешқашан ұмытпауы керек:

БІРІНШІДЕН, Қытай үшін Қазақстан – батысқа шығатын транзитті мемлекет, тоталитарлық эксперименттер алаңы. 

ЕКІНШІДЕН, қытайдың көздегені – жемқорлыққа бейім қазақ үкіметін сатып алу жолымен оны мәжбүрлі досқа айналдыру. 

ҮШІНШІДЕН, елімізде қытай диаспорасын қалыптастыру, меншігін көбейту және сол арқылы Қазақстан экономикасын уысында ұстау. Қытай бизнес көздеріне көлемді субсидиямен қолдау көрсететін «қытай банктерін» көбейту. 

ТӨРТІНШІДЕН, үкіметтегі мүдделес лоббистермен бірігіп билікке саяси ықпалын күшейту, сыртқы саясатына бақылау жасау, заңына араласып, жаңа отарлық тәуелділікке мәжбүрлеу. 

Сөйтіп, қытай уақыты келгенде бар ресурсты қосып, біздегі жағдайдың қожасы болып шыға келеді. Осының барлығы «БІР БЕЛДЕУ, БІР ЖОЛ» атты қытай мен жемқор қазақ билігінің бірлескен жымысқы саясатының аясында жүріп жатыр. Қытайдың болашақ гегемониясының қазiрдiң өзiнде көзге ұрып тұрған элементттерi жайына келгенде қазіргі қазақ билігі алыстан орағытып, ол жайында ойлауға мұршаңызды келтірмейтіндей етіп шатастырады. Билік деңгейіндегі экономикалық сыбайластық, жымысқы саясат «Қытай мен Қазақстан арасындағы саяси, мәдени, экономикалық қарым-қатынастың нығайуына, сондай-ақ өзара бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді» - деген үлкен сөздермен бүркемеленіп жүргізілуде. Сондықтан Қытайдың Қазақстанға қауiп төндiруі мүмкін саясатын жоққа шығаруға болмайды...

Бір нәрсе айқын, Қытай, Ресей, АҚШ секілді державалар Қазақстанды тәуелсіздігін кеше ғана алған отар елдердің бірі ретінде әлеуметтік азаттыққа апаратын жолға түскенін қаламайды. Олар үшін Орталық Азиядағы түркі мемлекеттері стратегиялық әріптес және олардың «ықпал ету» аймағы ретінде есептеледі. Олар әр кезде де отар елдерге кіргенде оның байлығына өз үстемдігін ұзағынан сақтап қалу үшін «өкіметтегі өз сыбайластарын» параға сатып алуды мейлінше пайдаланып, бірте-бірте сол елдің экономикалық және саяси жағдайына бақылауды өз қолдарына алуды көздейді....

Ең қауіптісі Қытайдың Қазақстанға бағытталған экономикалық, әлеуметтік, адами экспансиясы дендеп барады. Қытай – қауіп пен үрейдің ғана отаны емес, ол шын мәнінде орасан мүмкіндіктер мен таусылмас «инвестицияның» да отаны. Енді бірер жылда Қытай барлық салада абсолютті басымдыққа ие болады.

Осындай қауіптен, тәуелділіктен кейін түркі тілдес мемлекеттердің өзара ынтымақтасуы заңды құбылыс және болуы тиіс маңызды қадам. Жалпы, Ресей мен Қытайдың империалистік пиғылына қарсы тұрудың жалғыз жолы түркі тілдес мемлекеттердің одақтасуы болады. Бүгінде 200 миллиондық Түркі халықтарының дүниежүзілік Ассамблеясы (1991), Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы (1992), Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы (2008), Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (2009) жұмыс істейді. Түркі мемлекеттерінің ықпалдастығы келешекте де өркендей береді деп болжауға болады. Өткен отыз жыл бойғы интеграциялық жобалар өзінің жемісін беріп келеді. Бұл енді кері қайтпайтын процесс.

Ендеше кім, не кедергі? Түркі халықтарының және бір ӘСКЕРИ «ТҰРАН» ОДАҒЫНА бірігуіне негіз де, тәжирибе де бар. Түркі дүниесінің өзара әскери және әскери-техникалық салаларда, азаматтық қорғаныс саласында ынтымақтасуы уақыт талабы дер едім. Бұл қазіргі көтеріліп жатқан Еуразиялық одақтан әлде қайда ірі. Бұл мемлекеттерді жалаң экономикалық немесе саяси ұстаным емес, ортақ тіл, дін, тарих және түбі бір түркілік бауырластық байланыс жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, аталған державаларда көптеген түркі этностарының өмір сүріп жатқанын, интеграцияылық жобалардың оларға да белгілі бір деңгейде ықпал ететінін ескерген жөн.

Нұрлыбай Қошаманұлының ФБ парақшасынан  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары