$ 494.87  520.65  4.91

Мәжіліс депутаты Желтоқсан көтерілісін – ұлт азаттық көтерілісі ретінде тану туралы бастама көтерді

Ел тәуелсіздігі жолындағы нағыз көтерілісте мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға «Халық Қаһарманы» атағын бермеске?

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысты вице-премьер Ералы Тоғжановқа сауал жолдап, Желтоқсан көтерілісі не себепті ұлт азаттық көтерілісі ретінде тану туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Депутаттың айтуынша, Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігіне лайықты баға беретін кез келді.

"Желтоқсан көтерілісінің Тәуелсіз ел тарихындағы зор маңызын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айқын көрсетіп берді. «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», – деді мемлекет басшысы.

Ұлт мүддесін қорғап алаңға шыққан желтоқсандықтардың басты мақсаты -«Әр халыққа өз басшысы» деген ұран болды. Бұл 70 жылдық кеңес империясына қарсы алғашқы ашық айтылған Тәуелсіздік идеясы, алғашқы айқас еді. Мыңдаған жастардың аяусыз жазаланып, қудалануы да, бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғандығының айқын белгісі!

Ендеше неге Кеңес Одағының қызыл империясына қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтерілісі ретінде танылмайды?!.

Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін болған, қазақ жастарының қаһармандығынан қуат алған Баку, Тбилиси, Вильнюс қалаларындағы оқиғаларға өз елдерінде ұлт азаттық көтеріліс ретінде заңды баға беріліп, ЮНЕСКО деңгейінде мойындалды.

Ресей 1991 жылғы 19 тамызда Мәскеуде болған ГКЧП бүлігінде топалаңда танкінің астына түсіп қалған үш адамға “Ресей Батыры” атағын берді. Біз неге ел тәуелсіздігі жолындағы нағыз көтерілісте мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға «Халық Қаһарманы» атағын бермеске?

Президент арнайы атап өткен Желтоқсанның 35 жылдығын біздің үкімет қалай ұлықтамақ? Әзірге біз білетін алғашқы «сыйлық»- Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Желтоқсан атындағы жалғыз көшенің атын алып тастау болды!?", - деді Қазыбек Иса.

«Ақ жол» партиясы ұсыныстары:

1. 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Кеңестік қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет.

Желтоқсандықтарға «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» құқықтық мәртебесі берілуі керек.

2. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев еліміздегі айрықша атаулы күндер қатарында атаған Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде атап өтілуі керек.

3. Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізілуі керек.

4. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалғанын әлі растай алмай жүрген азаматтарды «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» ретінде тануда қолдан жасалған қаптаған кедергілерді жойып, анықтама алуды жеңілдету керек.

5. Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы тиіс. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру үшін оқулықтарда жеткілікті жазылуы қажет.

Қазақстан қалаларында Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер орнатылуы тиіс.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары