17.09.2021, 17:00

«Ауғанстанның жаңа билігі жастардың Қазақстанда білім алуына кедергі болмайды деп үміттенемін» - Тоқаев

Фото: ашық дерекөз
Бүгінде Қазақстанда Ауғанстаннан шамамен 200 студент білім алады.

Ауғанстанның жаңа билігі жастардың Қазақстанда білім алуына кедергі болмайды деп үміттенемін. Душанбеде өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарыстың өткір фазасын еңсергеннен кейін барынша түрлі бағыттарда БҰҰ институттары тарапынан жүйелі қолдау одан ары да қажет болады. Алматыда БҰҰ-ның өңірлік хабын құру бұл жұмыстарды үйлестіру үшін оңтайлы ұйымдастырушылық мүмкіншіліктерді ашар еді. Ауған проблемасына қатысты өзара іс-қимылда кезек күттірмейтін міндеттерді шешуден бөлек мұнан арғы көкжиекті де назардан тыс қалдырмауымыз керек. Саяси және гуманитарлық ахуал қалай қалыптасса да адами капиталға салынған инвестиция ғана ұзақмерзімді келешекте тұрақты болашақты қамтамасыз ете алады», - деді Қазақстан Президенті.

Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан азаматтары үшін білім беру бағдарламаларын жалғастыра беру маңызды екендігін айрықша атап өтті.

«Бүгінде Қазақстанда Ауғанстаннан шамамен 200 студент білім алады. Ауғанстанның жаңа билігі тарапынан осы жастардың жоғары білім алуына кедергі болмайды деп үміттенемін», - деді Мемлекет басшысы.