$ 443.85  474.3  4.8

«Билік мені түрмеде өліп қалады деп қорыққан соң босатып отыр» - Арон Атабек

Біз саған айтқан жоқпыз, бірақ сені Алматыға жеткіземіз. Таңертең сот шешімі шыққан. Жаза толық бітпесе де сені босатты.
Фото: kaztag.kz
Фото: kaztag.kz

Азаттық радиосында 18 жылға сотталып, 15 жылдан кейін бостандыққа шыққан диссидент Арон Атабектің сұқбаты жарияланды.  Сұқбатта диссидент Арон Атабек өзінің бостандыққа шығатынын білмегенін айтады. Ақынның айтуынша, билік өзін түрмеде өліп қалады" деп қорыққан соң босатқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Азаттық тілшілері Арон Атабекпен сол үйде жолықты. 2006 жылы 14 шілдеде билік Алматы қаласы Шаңырақ елдімекеніндегі "заңсыз салынған" үйлерді сүрмек болғанда жұрт баспанасын қорғап, қарсылық көрсеткен. Полиция жасағы мен техника алып келген билік өкілдерінен Шаңырақты қорғауға жиналған халықтың арасында 53 жастағы совет диссиденті, ақын Арон Атабек те бар еді. Түрмеге қамалып, сотталғанға дейін ірі денелі болған ақын қазір шау тартып, қатты жүдеген, әрең қозғалып, баяу қимылдайды.

Арон Атабектің Азаттыққа айтуынша, биыл қыркүйектің аяғында Павлодар түрмесінде жалғыз кісілік камерада отырған тұтқын әлсіреп, құлап қалған.

"21 қыркүйек кешке жатар алдында күтпеген жерден құладым. Еңкейіп едім, басым айналып құлап қалдым. Бұл бірінші құлауым емес, оған дейін де бес-алты рет құлағам. Бірақ ол кезде басымды жармап едім, бұл жолы байқамай қалып, басымды жарып алдым. Қан ақты. Жерде жатырмын, тұра алмаймын. Кезекші келіп, Арон тұр дейді. Түрме қызметкерлері мені көріп тұр. Менттерде монитор бар. Бірақ [құлаған кезде маған] келген жоқ. Жарты сағаттан соң түрме қызметкері мен дәрігер келді. Олар мені көтеріп, отырғызды. Дәрігер қарап, "басың жарылып, қан көп ағыпты, қазір тігеміз, егер тікпесек миың сыртқа шығып кетеді, сондықтан ауруханаға бару керек" деді. Мен ауруханаға жатуға түбегейлі қарсымын. Себебі онда мені өлтіріп тастауы мүмкін. Бірақ бұл жолы басым жарылған соң баруға тура келді", – дейді Арон Атабек.

Арон Атабек түрмеден шықпас бұрын он күн Павлодардағы клиникалық ауруханада жатқан. Айтуынша, ауруханада қолына кісен салып қойған.

"Басымды майдангердікі сияқты айқыштап таңып берді, бірақ үйге [түрмені айтады – ред.] жібермеді. Ол ауруханада он күн жаттым. Сол он күн ішінде толық медициналық тексеруден өткізді. Былайша айтқанда, бұрын жазғандарын қайта жазып берді. Мені төсекке жатқызып, қолымды қабырғаға кісендеп қойды. Он күн бойы осылай кісендеулі күйі жаттым. Науқас адамның кісенделіп жатқанын елестетіңізші?! 10 күн бойы катетер қойды. Сөйтсем ол түнде зәр сындыру үшін қойылады екен. 10 күн бойы мүлде орнымнан тұрмадым десем де болады. Аяғымнан атрофия болған соң әлсіреп кеттім", – дейді ол.

Арон Атабектің сөзінше, оны денсаулық жағдайына байланысты түрмеден босатуды соттан Павлодар түрмесі әкімшілігі сұраған. Диссидент өз талабы толық орындалмайынша, бұлайша түрмеден шығуға қарсы болғанын айтады.

"1 қазанда Павлодар тергеу абақтысындағы кураторым – майор Оразалинов келді де, "Шал, сені басқа ауруханаға ауыстырамыз" деді. Менттер орнымнан тұрғызып, киіндірді. Арбаға отырғызып, лифтімен төмен түсірді. Одан кейін [Оразалиновтің] шетелдік көлігіне мені көтеріп салып, алып кетті. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Қаланың шетіне шықтық. Полицейлерден "Қайда апара жатырсыңдар?" деп сұрасам, айтпайды. Бір кезде артқы есіктен кіріп, қараңғы бір алаңға шықтық. Бір жарым сағаттан кейін Қымбат есімді медбикені алып келді. Ол да көлікке отырды. Бір кезде мотордың қатты даусы шықты. "Бұл қандай көлік болды екен?" деп ойладым. Үңіліп қарасам, бізге қарай ұшақ келе жатыр. "Бұл не?" деп сұрадым қасымдағы медбикеден. "Сіз білмейсіз бе, не? Біз әуежайдамыз ғой. Сізді үйіңізге апарамыз. Мен сізді медбике ретінде Алматыға шығарып салып, туыстарыңыздың қолына тапсырамын" деп жауап берді. Ішімнен "бірінші нокдаун" деп ойладым. Полицейлер "Біз саған айтқан жоқпыз, бірақ сені Алматыға жеткіземіз. Таңертең сот шешімі шыққан. Жаза толық бітпесе де сені босатты" деді. Әуежайда қарасам, бір адам тұр, таныс адам сияқты. Анықтап қарасам, қызым Алма екен. Оны әуежайға жіберіпті. Ол жылап-сықтап, мені құшақтап жатыр. Содан кейін ұшаққа барлық жолаушыны отырғызды да, ұшып кеттік. Екі сағаттан кейін Алматыға қондық. Мұның бәрі – мені оңдырмай алдау болды, – дейді Арон Атабек.

Сот кезінде де, түрмеге қамалғаннан кейін де өзіне жала жабылып, жазықсыз сотталғанын айтқан Арон Атабек осыған дейін билікке өзіне тағылған айыптарды жойып, өзін толық ақтауды және жазықсыз жапа шеккені үшін толық өтемақы төлеуді талап еткен. Ол талабы орындалмайынша, билікке мерзімінен бұрын босатуды я жазасын жеңілдету сұрап арыз-өтініш бермейтінін мәлімдеген.
 
Шаңырақ оқиғасы кезінде жараланған диссидент, ақын Арон Атабек. 2006 жылы 14 шілдеде түсірілген сурет. Кейін сот Атабекті "Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды", "полиция өкілінің қазасына айыпты" деп танып, 18 жылға соттады.

Диссидент өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Ол полицейдің өліміне биліктің "қолдан жасаған арандатуы" себеп болды деп санайды. Атабек өзіне шыққан сот үкімін жою үшін халықаралық инстанцияларға қайырылмақ.

"Маған денсаулығыма байланысты бостандық қажет емес. Мені нақақ тағылған жаладан толық ақтауды, материалдық өтемақыны толық төлеуді талап етемін" дедім. Мұны үкімге дейін де, кейін де айттым, – дейді ақын.
Атабек "билік мені түрмеде өліп қалады" деп қорыққан соң босатып отыр дейді. Оның сөзінше, 15 жылдан артық отырған қапастан бұлай едел-жедел босатуының себебі осы.

Диссидент тәуелсіздіктің отыз жылының тең жартысын түрмеде өткізді. 2014 жылдан бері жалғыз кісілік камера отырды. Бірақ үнемі өлең жазып, шығармашылықпен айналысқан. Қамауда қоғамның, кейбір адамдардың қолдауын сезіп, біліп жаттым дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Арон Атабек