Байденнің әлемдік қауымдастық алдындағы алғашқы инициативаларының бірі - оффшормен қатаң күресті бастауы болды.
Ең алдымен оффшор деген не? Кейбір елдерде компаниялар мен жеке адамдар өз елінде салық төлемеу үшін басқа елдерде оффшорлық шот ашады да салықты сонда төлейді. Әдетте олар сол елдерде белсенді бизнес жасамайды. Оффшор деген сөз "жағалаудан алыстағы" деген мағына береді, яғни көбіне ондай елдер жылы жақтарда орналасқан, табиғи ресурстарға кедей елдер, сондықтан да оларда басқа елдердегі компанияларды қызықтыру үшін салық төмен. Мұндай жерлерде ұрлық та, коррупция да көп болады, әдетте оларды қолмен ұстап алу, қылмыстарын дәлелдеу өте қиын. Оны экономикалық тетіктер арқылы ауыздықтамаса, тек әкімшілік ресурстармен тыйым салу арқылы тоқтату да мүмкін емес.
Сондықтан АҚШ Қаржымині Жанет Йелленнің ұсынысы бойынша енді барлық жерлерде барлық компаниялар үшін бірдей 15 пайыздық салық ұстау қажеттілігі айтылған болатын. Мұны Байден қолдады және G7 кездесуінде бұл мәселе қозғалып қолдау тапты. Қазіргі таңда осы инициативаны 136 мемлекет қолдап отыр екен. Бұл елдерде әлемдік ЖІӨ-нің 90 пайызы өндіріледі. Әзірге бұл келісімге Кения, Нигерия, Пәкістен және Шри-Ланка мемлекеттері келісім бермепті. Соған қарағанда Қазақстан да осыған келіскен сыңайлы, алайда интернет беттерінен қанша ізденгенмен, оған келіскені туралы ақпар табылмады. Келісімге сәйкес ұйымдар мен компаниялар өздерінің штаб-пәтерлері қай елде орналасқанына қарамастан қай елде жұмыс істеп табыс табатын болса, кемі 15%-дан кем емес салығын сол елге төлейтін болады және ол жылдық табысы €750 млн-нан кем емес компанияларға қолданылады. Көріп отырғанымыздай, мұндай келісім Қазақстан үшін тиімді болмақ, себебі мұнай өндіріп жатқан халықаралық корпорациялардың табысы миллардтаған долларларды құрайтыны анық.
Келісімге алдағы 2022 жылы қол қойылып, ол 2023 жылдан бастап жүзеге асады деп күтіліп отыр. Бұл келісім не береді? Ең алдымен оффшор туралы сөз бұрынғы мағынасындағыдай болмайды, бәрібір барлық елдерде табыс салығы 15% болса онда шотты бөтен елде тығудың еш мағынасы жоқ, қайта ол бұғатталу ықтималдығын күшейте түседі. Оффшорларда жасырын айналымда жүрген триллиондаған долларлар ашыққа шыға бастауы керек, ал ол елдер экономикасына қызмет ете бастайды. Әрине, келісімге қол қойылғаннан кейін тиісінше халықаралық бақылау да күрт күшейтілуі тиіс, тіпті халықаралық барлау органдары құрылып жатса да артық емес. Экономикасы бай елдерге көмекке деп млрд-таған долларларды экономикасы артта қалған елдерге бөліп жатқаннан көрі осындай экономикалық тұтқаларды іске қосса, оның эффектілігі анағұрлым жоғары болуы мүмкін.
Байден мұны коррупцияға қарсы басты шаралардың бірі деп есептейді. Егер оффшорлар арқылы ресурсы бай елдерден жасырын ақша шығару ісі тәртіпке келтірілсе, қалған ақшаны есептеп шығару біршама жеңілдеуге тиіс, өйткені жылына қанша өнім өндірілгенін және одан түскен пайданы есептеп шығару онша қиындық тудырмаса керек. Әсіресе ресурсқа бай, бірақ халқы кедей тұратын авторитарлы елдерде коррупцияға қарсы демократтар бастаған осындай күреске деген сенім мен үміт бар. Тек халықаралық қауымдастықтың осындай күресі нәтижесінде ғана олардың арандай ашылған тәбетін ауыздықтауға болар, әйтпесе өз күштерімен оларды тәубесіне келтірудің мүмкіндігі қалмаған.
Сарапшы Қуаныш Еділхантегінің facebook парақшасынан