$ 444.22  476.38  4.82

Даниал Ахметов өзінің отставкаға кетуін талап еткен кәсіпкелерді сотқа берді

Бүгін тараптар іс бойынша дайындық жүргізу үшін сотқа шақырылды. Алдын ала тыңдау 18 қарашаға белгіленген.
Фото: tengrinews.kz
Фото: tengrinews.kz

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Д. Ахметов ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау үшін кәсіпкерлер үстінен сотқа екі талап арыз түсірді деп хабарлайды Malim.kz.

Талаптардың бірі кәсіпкер Болат Бағадаевқа («ГРК Топаз» ЖШС басшысы) қатысты. Тағы біреуі – 22 шығысқазақстандық кәсіпкерге, оның ішінде Серікжан Айкелиев («Семей автобус» ЖШС құрылтайшысы болған), Рафаил Хазипов (Семей қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жалғыз иесі, қалалық мәслихат депутаты), Бауыржан Қайрамбаев  («Гордорстрой» ЖШС директоры.), Қайрат Смағұлов (жеке кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты), Александр Федосов («ДСУ 14» ЖШС директоры). Бұл тізімде сондай-ақ қоғам қайраткері Николай Исаев та бар. Болат Бағадаевқа қатысты талап-арыздың неліктен бөлек қозғалғаны әзірге түсініксіз.

Белгілі болғандай, Өскемен соты ағымдағы жылдың 26 ​​қазанында талап арыздарды өндіріске қабылдау туралы ұйғарым шығарған. Азаматтық істер қозғалды. «Татуластыру рәсімі талапкердің бас тартуына байланысты болған жоқ» делінген сот құжатында. Бүгін тараптар іс бойынша дайындық жүргізу үшін сотқа шақырылды. Алдын ала тыңдау 18 қарашаға белгіленген.

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың сәуір айында сотта аты-жөні жарияланған облыстың бірнеше кәсіпкері дөңгелек үстел ұйымдастырып,  мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтар туралы айтып, өңір басшысының әрекеттерінен зардап шеккендерін баспасөз жиынында дүйім елге шаққан еді.

Олар аймақтағы барлық тапсырыс өңір басшысына жақын топтағы кәсіпкерлерге беріледі деп мұңын шаққан еді. Сол жиында «Металлист» ЖШС-ның жетекшісі  Айдос Серікқалиұлы «Біз ШҚО басшысы Данимал Ахметовтің лауазымын босату туралы мәселені қарастыруды сұраймыз. Ол мемлекеттік биліктің абыройына нұқсан келтіруде. Біз өзіміздің дұрыс нәрсе айтып отырғанымызға сенімдіміз және алдағы уақытта өз азаматтық ұстанымызды қорғаймыз», – деп мәлімдеме жасап, облыс басшысының отставкаға кетуін талап еткен еді.

 Өз кезегінде облыс әкімдігі кәсіпкерлер осылайша жергілікті билікке қысым көрсетіп, талаптарын орындауға мәжбүрлемекші деген ой айтты.  Айта кету керек, бұған дейін кәсіпкерлер облыс әкімдігімен белсенді жұмыс істеп, қомақты тендерлер алған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары