$ 494.87  520.65  4.91

«Жабайы Арман секілділерді ұлт батыры етіп көрсетудің қажеті жоқ» - қоғам белсендісі

Олар қоғамның шынайы демократиялық дамуын тежейтін криминалдар.

ҚОЛДАН «ЖАСАНДЫ ҰЛТ БАТЫРЫН» ЖАСАУ - ҚОҒАМҒА АСА ҚАУІПТІ...

Жабайы Арман  секілділер қалағанын оңай жолмен алып үйренген қоғамның құрандылары. Арман секілділер қашан да қылмыстық түсінік бойынша өмір сүреді. Олар өзінің ісін қазіргі кездегі өмір сүрудің табиғи шарты деп ойлайды. Олар өз өмір салтын жас буынға осылай таңғысы, мойындатқысы келеді. Осындайлардың өздерін жарнамалаған жасанды қайырымдылығынан соң кейбір жастарымыз түрменің романтикасын аңсайды, қылмыстық идеологиямен сусындайды. Соның салдарынан кәмелеттік жасқа толмаған балалар жаман ортаға түсіп кетуі әбден мүмкін.

Кейінгі кездегі біздің бұқара арасында: «олар – қарапайым халықты қанап, тонаушы емес, нағыз ұлт батырлары болған», «қазақ мафиясы болмағанда, өзге ұлттан шыққан басбұзарлар бізді әбден басынып алар еді» деген олар туралы айтылып жүрген жоғары бағалаулар да жас ұрпақ санасын улайды. Соңғы жылдардағы Қазақстандағы орта мектептердегі жасөспірімдер арасындағы әлім-жеттіктің белең алуы да осындайлардың ықпалынан туындап жатыр.

Айтарым, біз ондайлардың қайырымдылығын айтып малданбауымыз керек. Олар қоғамның шынайы демократиялық дамуын тежейтін криминалдар. Қоғамның бірлігіне сына қағатын қылмысты топтар. Олар, жазылған заңмен емес, жазылмаған заңдармен жүретін көлеңкелі топтар. Кезінде мұндайлардың серкелері өзіндік «заңдар» шығарып, қарамағындағылардан сол қатаң ұстанымға мойынсұнуды талап етіп, тіпті мемлекеттік қызмет салаларына да енді. Өкінішке орай, еліміздегі мемлекеттік, биліктік деңгейдегі жемқорлық пен сыбайластық олардың еркін тайраңдауына мүмкіндік беруде.

Ендеше, "Жабайы Арман" секілді заңды құрметтемеу, заңды тұлғаларды мойындамау, менсінбеу, зорлық-зомбылық деген түсінікпен өскен қылмыс әлемінің мүшелерінен «жасанды ұлт батырларын» қолдан жасау, образын қалыптастыру, жарнамалау ҚОҒАМНЫҢ БІРЛІГІНЕ, ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРҒА қайшы келетін аса қауіпті іс. Біз осыны дұрыс түсінуіміз керек.

Қоғам белсендісі әрі ардагер журналист Нұрлыбай Қошаманұлының facebook парақшасынан

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары