$ 494.87  520.65  4.91

«Халықтың қаржысы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшысын байытуға жұмсалып жатыр!» - Мәжіліс депутаты

Баспасөзде аймақтардағы футбол клубтарына  71 млрд жұмсалғаны,  тек “Астана” клубының өзіне 15 млрд бөлінгені жарыса жазылуда. Бірақ нәтиже қайда?!.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ешқандай да пайдасы жоқ футбол клубтарына  қаржы бөлуді тоқтатуды сұрап вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Депутаттың айтуынша, халықтың ақшасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшысын байытуға жұмсалып жатыр!

"Осыдан үш күн бұрын, 14 қарашада 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан ұлттық командасының Франция командасынан 8:0 болып, футбол тарихындағы масқара есеппен ойсырай жеңілуі елдің қатты наразылығына ұшырап, қоғамда резонанс тудыруда.

Баспасөзде аймақтардағы футбол клубтарына  71 млрд жұмсалғаны,  тек “Астана” клубының өзіне 15 млрд бөлінгені жарыса жазылуда.

Бірақ нәтиже қайда?!.

Бұл бас бапкердің емес, біздегі жалпы футбол жүйесінің кінәсі! ҚР Футбол федерациясының бас хатшысы кешегі баспасөздегі сөзінде: “Біз бюджеттен қаражат алмаймыз, қайдағы миллиардтар, 200 миллион теңге ғана алдық” деп жауап беріпті. Ал «жеңілістің себебі - жақсы футболшылардың тапшылығы» - деп ақталуда.

Федерация «бюджеттен көп қаржы алмаймыз» дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алуда. Соңғы үш жылдағы облыстық әкімдіктердің кәсіби клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес - 111, 2 млрд. Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, Самрұқ-Қазынадан, демеушілер бөлген қаржыларды қосар болсақ, олардың есебі жоқ – өйткені ресми мәліметтер жоқ. Футбол әлемі бойынша  барлық анық ақпараты бар   transfermarkt.com сайтының мәліметі бойынша Қазақстан футболының бір жылдық бюджеті -133 млрд теңге.

Ал, жақсы футболшылардың тапшы болатыны - өзіміздің футболшыларымызды дайындаудың орнына, мол қаражатты шетелдік легионерлерге жұмсаудың тікелей нәтижесі.

Мысалы,  Премьер-лигада 2021 жылы 371 футболшы болса, бақандай 150-і, яғни жартысына жуығы легионерлер, оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосыңыз, бәрі 166  легионер бар екен. 

Халық қазынасы қазақ футболшысын дамытуға емес, шетел футболшысын байытуға жұмсалып жатыр!?

Легионерлерге өзіміздің футбол нарығымыз қалыптасқанша шектеу қоюымыз керек

Біздің Қазақстан футбол федерациясы талабының бір түсініксіз жері, Қазақстан чемпионатына еш уақытта өңірлердегі футбол клубтары қатыса алмайды. Себебі, федерация ережесі бойынша, өңірлердегі футбол клубтары республика чемпионатына қатысу үшін сол жерде кәсіби футбол лигасында ойнайтын клуб болуы керек!?. Ал кәсіби футбол лигасында ойнайтын клуб аудан түгілі, қалалардың бәрінде жоқ қой. Тек облыс орталықтарының өзінде бір- біреуден ғана! Бұл ендеше өңірлердегі, мысалы шалғайдағы Шардараның, жырақтағы Жымпитының немесе шекарадағы Нарынқолдың футболшылары ешуақытта Қазақстан чемпионатына қатыса алмайды деген сөз. Ал алыс өңірлерде кімдер тұрады? Яғни қазақ футболшыларының футболға жақындай алмай жүргенінің басты себебі осында жатыр. Сонда егер ол кәсіби футбол клубында ойнай алмаса, аудандардағы балалар мен жасөспірімдер футбол мектебі мемлекеттің миллиондаған қаржысын шығындап, не үшін футболшыларды дайындап жатыр деген заңды сұрақ туады…

Кезінде “Ақ жол” фракциясы бірнеше рет депутаттық сауал жасап көтергендей, қаржыны балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсау керек. Футбол академиясын қалыптастыруымыз керек. Ауылдардағы талантты балаларды тартуға жағдай жасау керек.

Бюджеттен футболға бөлінген қаржылардан балалар футболына жеткілікті жұмсалып келеді деп айту қиын. Демек жақын болашақта Қазақстан футболының дамуы да қиын деген сөз.

Балалар футболының даму өлшемдерінің негізгісі - трансферлік құнымен, клубқа түсірген табысымен өлшенеді. Осы күнге дейін Еуропа клубтарына өзіміз дайындаған 1 футболшыны трансфер жасай алмадық. Табыс түсіре алмадық. Миллиардтар құйып, Бразилияға алақайлап шығарып салған  балақайлар  қайда қазір? Сол 78 баланың кәсіби клубтарда ойнап жүрген біреуі де жоқ?! Сонда оларды футболда дамытуға жібергенбіз бе, жоқ өз қалағандарымызды іріктеп алып, демалуға  жібергенбіз бе?

Спортымыз дамуы үшін алдымен инфрақұрылымдарымыз сай болуы керек. Бізде оған да ақша жұмсалмайды.  Стадион, футбол алаңдары болмаса, балалар қайда ойнайды? Мектептердің спортзалдары мен алаңдарын жалға беру басталғалы бері, балалардың сабақтан тыс уақытында футбол ойнауы арман болып қалды. Себебі көбісі балалардың тегін футбол ойнағанынан гөрі, сырттан келгендерге жалға беріп ақша тапқанды жөн көреді. 

Мысалы, алысқа құлаш сілтемей-ақ көршілеріміз, туыс екі елмен салыстырайық. 
Қазақстан 30 жылда 1 ғана стадион салса, футбол бюджеті бізден екі есеге жуық аз Өзбекстан қазіргі заман талабына сай 10 стадион салып тастаған.

ФИФА рейтингісі бойынша қазір Қазақстан 125 орында тұр. 2000 жылы 121 орында болғанбыз, сонда одан бері миллиардтар көбейген сайын дамудың орнына біз кері кетіп бара жатырмыз. Ал ТМД елдеріндегі футбол бюджеті ең аз – Қырғызстан 96-орында.

Миллиардтар алып отырған қазақ футболында гол жоқ! Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ!

Әлем чемпионатына іріктеуде ең соңғы орындағы біздің футболға әкімдіктер олимпиада, әлемдік чемпионаттарда алтын медаль алып келетін  бокс, күрес және ауыр атлетика үшеуін қосқандағы бөлген қаражаттан 3 есе көп ақша жұмсап отыр. Футболға бөлінген бюджеттің  80 пайыздайы жеке футболшыларға төленеді.

Футболға 30 жыл бойы миллиардтар жұмсалып отырса да, «бюджетіміз Еуропа деңгейіне жетпейді» деп келе жатыр. Ал халқының саны 4 млн. экономикасы бізден 3 есе кішкентай, лигасы 1991 жылы құрылған, 1995 жылға дейін соғыс өртіне оранған – Хорватия өткен жылы әлемнің футбол державаларын күйрете отырып, әлем чемпионатында финалға шықты. Біз масқара болып жеңілген алпауыт Франциямен тең деңгейде ойын көрсетті. Бюджеті әлемнің 50 еліне кірмесе де, футболының даму деңгейі әлемнің топ 10-дығына кіреді. Яғни, Хорватия – футболды ақшасыз да ойнауға, дамытуға болатынын дәлелдеген ел.

Клубтардың әлемдік рейтінгісінде ешқандай клубымыз 100-діктің қатарына кірмейді. Ал 200-діктің соңында, 186-шы орында тек бір «Астана» клубы ғана бар. Бірде бір футболшымыз трансферлік құны бойынша алғашқы 500-дікке кірмейді. Бұл факті, 30 жыл бойы футболымыздың ешқандай дамымағанына дәлел.

Ендеше, футболға халықтың қыруар қаржысын Франциядағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба?

Нәтижесіз футболға бөлінген 133 млрдқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді…

Сондықтан, гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті!", - делінген Қазыбек Исаның депутаттық сауалында. 

Осылай деп атап өткен депутат сөз соңында «Ақ жол» фракциясы атынан деп біраз ұсыныс білдірген: 

1.Кәсіби спорт, футбол - бұл негізі бизнес. Ал әлемде кәсіби спорт мемлекеттің мойнына мініп алмайды. Сондықтан, бюджетке байланған футбол клубтарының барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет.

2.Кезінде “Ақ жол” партиясы талай көтергендей, мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсалуы керек. Ауылдардағы талантты балаларға жағдай жасау қажет.

Аудан орталықтарында, қала маңында да тегін футбол алаңдарын салу керек. 
Секциялардағы жаттықтырушыларға педагогтармен тең лайықты жалақы төлеу керек.

3.Футбол индустриясын, менеджменті мен маркетингін дамытып, футбол мамандықтарын, жаттықтырушылар кадрын дайындау жұмыстарын жолға қойып, футбол академиясын қалыптастыру керек.

4.Осы уақытқа дейін мемлекеттен футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс. Өйткені ол халық қаржысы! Еліміздегі кәсіби футбол клубтарына бюджеттен жыл сайын қанша қаржы бөлінді? Қазақстан футбол федерациясына 2002 жылдан бері УЕФА-дан жыл сайын қанша қаржы бөлінді? Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорынан және Ұлттық олимпиада комитетінен футбол федерациясына жыл сайын қанша қаржы бөлінді және қайда жұмсалды, бәрінің есебін ел білуі тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары