Қарашаның ортасында премьер-министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы қатарынан екі апта бойы өспей тұрғанын, тіпті кей тауар түрлерінің бағасы арзандағанын айтқан еді. Бірақ үкімет басшысының бұл сөзіне экономистер сенбей отыр, деп жазады Express Qazaqstan.
Басылым тілшісі экономистерге "Үкімет басшысы Асқар Маминнің әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты айтқан мәлімдемесі қаншалықты орындалып жатыр?" деген сұрақ қойған.
Болат Дүйсенбі, экономист:
Олар өздері көретін Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ірі-ірі сауда орындарына қаржы бөлген сияқты. Соларға "біз сіздерге гарант боламыз, мына тауарлардың бағасын өсірме" деп тапсырма берді. Ал қалған дүкендер мен базарларға олар бір тиын да бөлген жоқ. Бірақ бірен-саран ірі орталықтармен бүкіл елде баға төмендеді немесе тоқтады деп айтуға болмайды ғой. Желтоқсан айында азық-түлік бағасы өскенінің көкесін көресіздер. Оны ешкім тоқтата алмайды. Осы жазда құрғақшылық, қуаңшылық болды. Бізде келесі жылға ешқандай резерв жоқ. Өз елінде тонналап өнімдерін шығара алмаған мемлекетте ешқашан да баға тұрақтамайды. Олардың айтып отырғаны бекер сөз. Малдың бәрі биыл құрыды. Жақында жекеменшік шаруалықтарда мал санын шектеу керек деп жатыр. Ол не қылған ақымақтық? Қазір әр ауылда отырған адамдарды жеке-жеке инвестиция беріп, мал өсіруге, егін салуға қаржылай көмектеспесек келесі жылы бұдан да қиын болады. Үкіметтің қазіргі жүргізіп отырған саясаты кезіндегі Хрущевтің авантюралық саясатымен ұқсас. Неге десең тәжірибелі азаматтар жоқ.
Мақсат Сералы, экономист:
Нарықтағы ет өнімдерінің бағасын алып қарайтын болсақ, нақты жылқының бағасы кемінде 15 пайыз өсті. Одан кейін көкөністерге келсек, біз субтропикті, тропикті ел емеспіз. Бізге келетін тауарлардың барлығы — ипорт. Олардың барлығы сәйкесінше долларға кеп тіреледі. Бүгінгі теңгенің жағдайына қарасаңыз, теңге тағы да әлсіреді. Олардың барлығы басқа валютаға келгеннен кейін міндетті түрде баға тағы да өседі. Содан кейін біздегі ауыл шаруашылығы ішкі нарықты азық-түліктің кез келген түрі бойынша толыққанды қамтамасыз ете алмағандықтан міндетті түрде баға өседі. Енді Асқар Мамин қай бағытта айтты? Ол арнайы әкімшілікте немесе жергілікті билікте негізгі, яғни күнкөріске қажетті тауарлар барын айтты. Пияз, картоп, қарабұрыш деген сияқты. Олардың барлығы әлеуметтік дүкендерде тұр. Ол жердегі баға өзгермеуі мүмкін. Бірақ ішкі нарықтағы баға күн сайын өзгеріп жатыр. Арзандамайды. Өйткені алда мейрамдар келе жатыр. Бұдан бөлек бізде тауар тапшылығы туындап тұр. Оның барлығы бір-ақ нәрсеге — бағаның шарықтауына алып келеді . Мұнай бағасы өсіп жатқан кезде теңгенің құлдырауы -- нонсенс. Келесі жылы да осындай жағдай болады. 2022 жылы бақуатты өмір сүріп кете қоймаспыз.
Атамұрат Шаменов, экономика ғылымының докторы:
Қымбатшылықты тоқтататын бір ғана жол бар. Қазақстандағы аграрлық саясатты өзгерту керек. Біздегі саясат — Кеңес дәуірінен келе жатқан аграрлық саясат, соның жалғасы. Ол дегеніңіз ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, экспортпен мақтану мәселесі болып тұр. Мұны қою керек! Өзімізде шығатын өнімді кем дегенде 80 пайызға жеткізбейінше бізде қымбатшылық тоқтамайды. Бұл саясатты ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктей бергеннен ештеңе өнбейді. Суалып кеткен сиырды сауа бергеннен сүт шықпайды ғой. Сол үшін агарлық саясатты, азық-түлік қауіпсіздігін орындауды тікелей ауданның әкімдеріне тапсыру керек. Жер сол жерде, егін шығатын жер сол. Не егуді солар біледі. Егін егетін, өніммен айналысатын халық ауданда. Біз ауданның әкімінен осыны талап етсек қана тығырықтан шығамыз. Сонда ел ішінде ішкі экспорт та болады. Бірақ үкіметте бұл ұсынысты тыңдайтын құлақ көріп тұрған жоқпын. Қазір Қазақстан өз халқын, басқасын былай қойғанда, күнделікті тұтынатын өнімдермен қамтамасыз ете алмай отыр. Мұндай кезде қандай тұрақтылық, қандай баға туралы әңгіме айтуға болады.